Понедельник, 29 Апреля 2024

Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады

Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады

Еліміздің жарқын болашағы білімді де білікті жастардың қолында. Елімізде жастарды қолдауға түрлі жобалар бастау алуда, солардың бірі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен Президенттік жастар кадр резервін жасақтау туралы құзырлы органдарға тапсырма беруі. Сол кезде Мемлекет басшысы резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтты. Жалпы Президенттік жастар кадр резерві деген не? Бұл жобаға кімдер қатыса алады ? Резервшілер қайда жұмысқа орналасады деген өзекті сұрақтардың жауабын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Асхат Қанатұлы Такебаевтан білсек.

—Президенттік жастар кадр резерві дегеніміз не? Және бұл жолғы іріктеудің ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз?

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап  Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталады,  соның нәтижесінде 50 резервші таңдалады.Биылғы іріктеудің ерекшелігі мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу болмақ. Осылайша, кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады:

•          Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;

•          Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;

•          Сыртқы саясат және инвестициялар;

•          Экономикалық және қаржылық саясат;

•          Цифрландыру;

•          Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам;

Жобаның басты мақсаты – барынша білікті, білімді және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшы лауазымдарға орналасуғабірегей мүмкіндік ашу. Жоғарғы әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған кезде президенттік жастар кадр резерві тізімінде бар азаматтардың кандидатуралары қаралады.

Бұл жобаға кімдер қатыса алады?

Іріктеуге түрлі салалардың өкілдері, түрлі кәсіп иелері қатыса алады. Олар міндетті түрде мемлекеттік қызметкер болуы шарт емес, квазимемлекеттік сектор, жекеменшік сектор, азаматтық қоғам өкілдері бола алады.   Және сол үміткерлерге келесідей талаптар қойылады:

  • 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары
  • Жоғары білімі бар
  • Жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес
  • Мемлекеттік тілді білетіндігі туралы сертификаты бар (В1 деңгейінен төмен емес)

Қалай қатысуға болады?

  • 2023 жылғы 1-30 қыркүйек аралығында pkrezerv.gov.kz сайтына тіркелу және өтінім беру
  • Жеке кабинетте профильді толтыру
  • Келесідей қажетті құжаттарды жүктеу:

 -   Жоғары білімі туралы дипломдардың көшірмесі

  -  Еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі

  -  Мемлекеттік тілді білетіндігі туралы сертификат (В1 деңгейінен төмен емес)

Жобаға қатысу үшін қандай шектеулер бар сол туралы толық айтып берсеңіз?

Резервке іріктеуге талаптарға сай келетін барлық азаматтар қатыса алады, тек Президент тағайындайтын саяси мемлекеттік қызметкерлерге шектеу бар. Сонымен қатар, үміткерлер мемлекеттік қызметке тұру шарттарына сәйкестігіне тексерілетін болады: іс-әрекетке қабілетсіздігіне, белгілі бір уақытқа мемлекеттік қызметте болу құқығынан айыратын сот шешімінің болмауына, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасамауы, өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болмауы, қылмыстық топ құрамында қылмыс жасамауы т.б.

Үміткерлер кадрлық резервке алынуы үшін қандай да бір емтихандар немесе тест тапсыра ма?

Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс.

Бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау. Ол 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады.

Екінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан тұрады. Тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтіп, өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады.

Үшінші кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Бұл кезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған. Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.

Төртінші кезең – ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат. Ассессмент-орталық Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған.

Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады.

Өз кезегінде, құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өткізіледі.  Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.

Бесінші кезең – сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады. Комиссия қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады.

Алтыншы, соңғы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады.

 

 

ҚР  Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның

құрамына  кімдер кіреді?

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрамы Президенттің №141 жарлығымен бекітілген.

-           Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы, комиссия төрағасы

-           Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, комиссия төрағасының орынбасары

-           Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, комиссия төрағасының орынбасары

-           Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының өңірлік саясат мәселелеріне жетекшілік етуші орынбасары, комиссия мүшесі

-           Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы, комиссия мүшесі

-           Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі, комиссия мүшесі

-           Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры, комиссия мүшесі

-           Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі, комиссияның хатшысы

Іріктеуден сәтті өткен резервшілерге қандай қызметтер ұсынылады? 

Президенттік жастар кадр резервінде болу мерзімі 3 жыл. Көрсетілген мерзім ішінде Резервке алынған адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңнамасына сәйкес саяси және "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері лауазымдарына, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялардың басқармаларының төрағалары мен басқарма мүшелері лауазымдарына орналаса алады.

Атап өтсек, 2019 және 2021 жылдары резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді, яғни жалпы санының 75%-ы жұмысқа орналастырылды.Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға,  6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Мәжіліс Парламенті және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда.

Бұл жоба жастарды қолдауға үлкен мүмкіндік деп білемін. Осы сәтті қолдана отырып талапқа сай келетін, елеміздің өркендеуіне үлес қосқысы келетін барлық білімді, білікті жастарды осы жобаға қатысуға шақырамын.

Другие новости

Важная миссия Ассамблеи

Важная миссия Ассамблеи

В Астане под председательством Президента Казахста...

  29.04.2024   83
Сплоченность – залог развития государства

Сплоченность – залог развития государства

В этом году на очередной сессии Ассамблеи народа К...

  29.04.2024   88
Сот қызметкерлері – сенбілікте

Сот қызметкерлері – сенбілікте

«Таза Қазақстан» республикалық экологи...

  29.04.2024   84
Юное поколение - на страже природы

Юное поколение - на страже природы

В Талгарской школе-лицее №7 им. Ахмета Байтурсынов...

  29.04.2024   91
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.