Понедельник, 29 Апреля 2024

Жүректерге жылу сыйлаған күн

Жүректерге жылу сыйлаған күн

Ұлан байтақ даланы мекен еткен халқымыз болашақта ел тұтқасын ұстар өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Сондықтан болар жастарды ұлттық тәрбие негізінде білім нәрімен сусындатып, тал бесіктен бастап-ақ татулықтың туын биік ұстауға баулыған. Осы орайда ізгі істердің ұйытқысы болып жүрген Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, жалпы білім беретін «Немере» жекеменшік мектебінің ұстаздары игі дәстүрден жаңылмай Облыстық арнайы мектеп-интернатына барып, тәрбиеленуші балалармен танысып қайтты. 
Мектеп директоры Э. Б. Угай және мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Жанар Сайлаубекқызы бастамасымен қолға алынған шараның мақсаты оқушылардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамыту, балалар арасында сапалы қарым-қатынас орнату еді. Мектебіміздің ұстаздары мен өнерлі оқушыларының, белсенді ата-аналардың қолдауымен «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығын берік ұстанған ұжым межелі күні Облыстық арнайы мектеп-интернатындағы балаларға барып, дайындаған базарлықтарын тарту етті. Өз өнерлерін ортаға салып, көтеріңкі көңіл күй сыйлауға тырысты. 
Концерттік бағдарламаны «Аққу» күйімен ашқан мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Жанар Сайлаубекқызы көрермендерді домбыра үнімен бірден елітіп әкетті. Осы шараның басы-қасында жүрген ол «Біздің басты мақсатымыз балаларға материалдық көмек көрсету ғана емес, олардың жүректеріне жылулық, қуаныш сыйлау», - дейді. Ал нақышына келтіріп ән шырқаған Нұржігіт Блисбек, Зере Жолдасбай тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырса, Еркежан Құрманали «Дала әуеніне» мың бұрала билеп, көрерменді тәнті етті. Сонымен қатар «Кукушка» әнін шырқаған Софья Скляр, Даяна Егизбаева, Катя Маслова мен Аяулым Мухитқызы ән айтып қана қоймай, аспапта ойнау шеберліктерін паш етті. Ал 9-сынып оқушыларынан құралған «Атамекен» хоры орындаушылық шеберліктерімен көрермен көзайымына айналып үлгерді. 
Облыстық арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері де өнерден құр алақан емес екендігін көрсетті. Мектебіміздің ұстаздары мен оқушылары мүмкіндіктері шектеулі болғанына қарамастан өнерлерін көрсеткен балаларға қарап таңданысын жасырмады, оларға шын жүректен тілектестік білдірді. Ал интернат директоры Анар Рахышова тәжірибелі педагог-дефектолог ретінде мұндай шаралардың балалар үшін аса маңыздылығы жөнінде келелі ойын ортаға салды. «Немере» мектебінің атынан сыйланған құр-ал-жабдықтар балалардың бақытты болашағы үшін қызмет ететінін айтып, алғысын білдірді.
Осылайша «Немере» жекеменшік мектебі Республикалық «ДосболLIKE» акциясының аясында ұйымдастырылған шараны абыроймен аяқтады. Оқушыларға терең біліммен қатар саналы тәрбие беруді мақсат тұтатын оқу ордасында мұндай игі істер жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Ұрпақ тәрбиесі ұлт болашағының кепілі болғандықтан, мектеп пен ата-ана, оқушы мен қоғам арасындағы ынтымақтастықты арттыратын осындай тәлімі мол іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. 

Жанерке Стамкулова, 
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
«Немере» жекеменшік мектебі.
Қаскелең қаласы.

Другие новости

График работы ЦОНов и спецЦОНов в праздничные дни

График работы ЦОНов и спецЦОНов в праздничные дни

Порядок работы ЦОНов и спецЦОНов в мае изменится,...

  29.04.2024   64
Сакский стиль новых банкнот

Сакский стиль новых банкнот

С 25 декабря 2023 года Национальный Банк Казахстан...

  26.04.2024   144
Больше трех тысяч деревьев за три дня

Больше трех тысяч деревьев за три дня

В Илийском районе за три дня акции «Жасыл ай...

  25.04.2024   226
Модный бизнес

Модный бизнес

В этом году благодаря госпрограмме «Ауыл ама...

  24.04.2024   209
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.