«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»
Қазақстан Жазушылар одағында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған жиын өтті. Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасарлары Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибекұлы, Бейбіт Сарыбай және жазушы Смағұл Елубай, сыншы Әлия Бөпежанова, жазушы Қанат Қайым, ақын Әділғазы Қайырбеков, ақын Пәтигүл Мақсатова, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, ақын Маралтай Райымбекұлы, ақын Ерлан Жүніс қатысты. Жиынды ашып берген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов:
– Әдебиет пен сөз өнерінің басты мұраты – адамды адалдыққа тәрбиелеу. Сондықтан «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деген атаудың өзі біз үшін үлкен мәнге ие. Шын сөз айтылмайынша, әділетті қоғам да қалыптаспайды. Мемлекет басшысының әр жылдардағы сөздерінен ел тағдырына, ұлттық құндылықтарға, заң мен тәртіпке, ұрпақ тәрбиесіне қатысты азаматтық ұстанымын анық аңғаруға болады. Бұл жинақ – бүгінгі Қазақстанның даму жолын, қоғам алдындағы міндеттерді түсінуге мүмкіндік беретін маңызды еңбек.
Қасым-Жомарт Кемелұлы – мемлекет басқару ісімен қатар, әдебиет пен мәдениеттің қоғамдағы айрықша орнын жақсы түсінетін мемлекет қайраткері. Оның қазақ әдебиетіне, жазушылар мен ақындарға деген құрметін біз үнемі көріп келеміз. Мемлекет басшысының аталған кітаптағы: «Мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын» деген сөзі – қаламгер қауым үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін әрі үлкен сенім білдіретін сөз. Бұл бізге, жазушыларға, үлкен міндет жүктейді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға қаламгерлер де сапалы шығарма арқылы жауап беруі тиіс.
Президент өз сөздерінде әділеттілік, заң үстемдігі, еңбекқорлық, жауапкершілік, ұлттық бірлік, қоғамдық келісім, білім, ғылым, мәдениет пен руханият мәселелеріне үнемі назар аударып келеді. Бұл мәселелердің барлығы әдебиет үшін де жат емес. Өйткені әдебиет қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Қоғамда қандай өзгеріс болса, оның ізі әдебиеттен де көрінеді.
Әділетті қоғам, ең алдымен, әділетті сана қалыптасқан кезде орнығады. Ал әділетті сананы қалыптастыруда отбасы, мектеп, ғылыммен қатар әдебиеттің де рөлі зор. Жас ұрпақ кітаптан ел тарихын, адамгершілікті, отаншылдықты, достық пен адалдықты үйренеді. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әдебиетті насихаттау – мемлекеттің рухани қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының қаламгерлер қауымы үшін де мәні ерекше.
Әсіресе қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық әдебиетке деген жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті. Ақпарат ағыны күшейіп, жас ұрпақтың талғамы өзгеріп жатқан кезде қазақ әдебиеті өз биігін сақтап қана қоймай, жаңа заманның мәселелерін де батыл көтеруі керек. Біз әлемдік әдеби үдерістен тыс қалмауымыз қажет. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шет тілдеріне аудару, ұлттық әдебиетті халықаралық кеңістікке шығару – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Мемлекет басшысының қазақ әдебиетін қолдау жөніндегі ұстанымы осы бағыттағы жұмыстарға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Қазақстан Жазушылар одағы да осы міндеттерді жүзеге асыруға өз үлесін қосуға дайын. Біз жас қаламгерлерді қолдау, әдеби аударманы дамыту, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде насихаттау, кітап оқу мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз», – деді.
Жиын барысында өзге де ақын-жазушылар мен әдебиет өкілдері кітаптың мазмұны мен көтерген мәселелері жөнінде пікір білдіріп, Президенттің елдің болашағы, ұлттық бірлік, мемлекеттік тіл, жастар тәрбиесі мен рухани құндылықтарға қатысты ойларына тоқталды.
Қатысушылар «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағын Мемлекет басшысының мемлекет құру мен қоғамды дамыту жөніндегі көзқарастарының қалыптасуы мен сабақтастығын көрсететін маңызды басылым ретінде бағалады. Алқалы жиында айтылған пікірлер топтамасы оқырман назарында.






