Әли ауылына көгілдір отын келді: елді мекен толықтай газдандыру кезеңіне өтті
Іле ауданында әлеуметтік маңызы бар тағы бір жоба жүзеге асты. Әли ауылына табиғи газ беріліп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам жасалды.
Бүгінгі қуанышты әрі тарихи сәтке орай, аудан тұрғындарын Әли ауылына табиғи газдың келуімен құттықтаймыз.
Көгілдір отынның берілуі – елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Жоба Алматы облысының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы мен «Спецстройбренд» ЖШС арасында жасалған ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылды.
Жоба шеңберінде «Спецстройбренд» ЖШС өз қаражаты есебінен Әли ауылына дейін ұзындығы 2507 метр орта қысымды газ құбырын, ауыл ішіне 990 метр төмен қысымды газ желісін жүргізіп, 2 газ реттеу шкафын орнатты.
Нәтижесінде 2 мыңға жуық тұрғыны бар, 300-ден астам тұрғын үй орналасқан Әли ауылы табиғи газбен қамтамасыз етілу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді газ желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Газға қосылу құны – 500 мың теңге.
Ауылда әлеуметтік маңызы бар нысандар қатарында 1 мектеп, 1 балабақша және 4 дүкен жұмыс істейді.
Іле ауданы бойынша елді мекендерді газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 22 ауылдың 21-і табиғи газбен қамтылған. Газдандырылмаған жалғыз елді мекен – Күрті ауылы. Аталған ауылда тұрғын үйлер санының аздығына байланысты (26 үй) газдандыру жобасы экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылған.
«Енді Әли ауылының тұрғындары үшін көмір тасу, пеш жағу секілді қиындықтар артта қалып, үйлеріне жылулық пен жайлылық орнайтын кезең басталды. Осы жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барлық азаматтарға, құрылысшыларға алғыс білдіремін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін», – деді аудан әкімі.
Әли ауылына табиғи газдың келуі – тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын, елді мекеннің әлеуметтік дамуына серпін беретін маңызды инфрақұрылымдық жоба.






