Суббота, 28 Марта 2026

Мұрат Әбенов жаңа Конституция туралы: Егемендік пен халықаралық құқықтың теңгерімі сақталған

Мұрат Әбенов жаңа Конституция туралы: Егемендік пен халықаралық құқықтың теңгерімі сақталған

Халықаралық шарттар мен ұлттық заңнама арақатынасы мәселесі көп жылдан бері сарапшылар мен қоғам арасында талқыланып келеді. Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Мұрат Әбенов жаңа Конституция жобасында ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін түсіндірді.
«Біз әріптестерімізбен бірге жоба нормаларын мұқият зерделедік. Маңыздысы – жаңа Конституцияда Қазақстан Республикасының ратификациялаған халықаралық шарттары мен халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормаларының заңдық күшін жоққа шығаратын ешқандай ереже жоқ», – деді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстан өзге мемлекеттермен қарым-қатынаста өзара сыйластық қағидатына, сондай-ақ БҰҰ аясындағы адам құқықтары жөніндегі негізгі халықаралық шарттарға адалдығын сақтайды. Жоба мәтінінде адамның ажырамас құқықтары мен бостандықтарына қатысты қабылданған халықаралық міндеттемелерден бас тартуды білдіретін нормалар қарастырылмаған.
Бірінші өзгерістер блогына тоқталған депутат халықаралық шарттардың заңдардан басымдығына байланысты туындаған қайшылықтарды атап көрсетті.
«Қолданыстағы Конституцияда заң мен халықаралық шарт арасында қайшылық болған жағдайда халықаралық шарттың нормалары қолданылуы мүмкін еді. Тәжірибеде бұл ұлттық заңнамаға, тіпті азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға кері әсер етуі ықтимал жағдайларда да халықаралық келісім ережелерінің автоматты түрде қолданылуына әкелді», – деп атап өтті Әбенов.
Сонымен қатар депутат халықаралық шарттардың өз сапасына қатысты тәуекелдерге де назар аударды.
«Мұндай шарттарды жасау кезінде кеткен нақтылаусыз және анық емес міндеттемелер кейіннен басым күшке ие болып, оларды Қазақстан заңдары арқылы түзету мүмкін болмай қалды. Бұл құқықтық жүйенің тұрақтылығына кері әсер етті», – деді спикер.
Мұрат Әбеновтің түсіндіруінше, жаңа Конституция жобасында халықаралық шарттар қолданыстағы құқық мәртебесін сақтайды, алайда ең жоғары заңдық күш ешқандай ескертусіз тек Конституцияға тиесілі болады.
Екінші өзгерістер блогы халықаралық шарттарды қолдану тәртібіне қатысты.
«Қолданыстағы Конституциядағы тағы бір кемшілік – халықаралық шарттардың күшіне ену тәртібі «Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалуы мүмкін» деген норма», – деп атап өтті Әбенов.
Ол аталған норма Ата заңның негізгі қағидаттарына қайшы келетінін еске салды. Оның айтуынша, мұндай құрылым құқықтық белгісіздік туғызады, мемлекеттік органдардың құзыретін нақты көрсетпейді және әсіресе халықаралық сауда, техникалық реттеу, стандарттарды сақтау салаларында құқықтық дауларға жол ашады.
Мұрат Әбенов сондай-ақ ашық рәсімдердің маңызын да атап өтті.
«Құрылтай аясындағы талқылауды қоса алғанда, заңдарды ашық әрі жария рәсімдер арқылы қабылдау, мемлекеттік органдардың өкілеттігі мен жауапкершілігін нақты бекіту, қажетті қаржылық ресурстарды айқындау, сондай-ақ парламенттік бақылау тетіктері халықаралық міндеттемелерді орындаудың неғұрлым тиімді әрі болжамды жүйесін қалыптастырады», – деді ол.
Әбенов атап өткендей, ең жоғары заңдық күш тек Конституцияға тиесілі болатын айқын иерархия құқықтық жүйені барынша түсінікті етеді.
«Бұл жағдайда конституциялық реттеудің басты мақсаты – негізгі конституциялық құндылықтардың тұрақтылығын, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін және заңнаманың өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету», – деп түйіндеді депутат.
 

Другие новости

Яркие грани Наурыза

Яркие грани Наурыза

В этом году Наурыз в Алматинской области развернул...

  27.03.2026   131
Ключи от новой жизни

Ключи от новой жизни

22 семьи в дни Наурыза обрели то, чего ждали годам...

  27.03.2026   139
Digital Qazaqstan 2026: участники ЕМПС ознакомились с достижениями цифровой индустрии Казахстана

Digital Qazaqstan 2026: участники ЕМПС ознакомились с достижениями цифровой индустрии Казахстана

В Шымкенте главы правительств стран-участниц и гос...

  27.03.2026   125
Digital Qazaqstan 2026: ЕҮАК қатысушылары Қазақстанның цифрлық индустриясы жетістіктерімен танысты

Digital Qazaqstan 2026: ЕҮАК қатысушылары Қазақстанның цифрлық индустриясы жетістіктерімен танысты

Шымкентте ЕАЭО-ға қатысушы елдердің және бақылаушы...

  27.03.2026   100
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.