Четверг, 11 Июня 2026

Таиландтан келетін туристер саны артты

Таиландтан келетін туристер саны артты

Алматы облысы мен Таиланд Корольдігі арасындағы ынтымақтастық нығаяды. Бүгін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Таиланд Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Пияпин Нийомреркспен кездесу өткізді. Жиын барысында туризм, өңдеу өнеркәсібі, тамақ өндірісі, цифрлық технологиялар және құрылыс саласындағы байланысты арттыру барысы талқыланды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Биыл Қазақстан мен Таиланд арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 34 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде екіжақты байланыс барлық негізгі бағыттар бойынша тұрақты дамып, нығая түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Таиланд Королі Маха Вачиралонгкорнды Ұлттық мерекесімен құттықтаса, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Таиландқа ресми сапармен барды. Бұл әріптестікті одан әрі дамытуға қос тараптың да қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Ал өткен жылдың қаңтар айында Пхукет қаласында Қазақстан Республикасы Консулдығы ашылды.
Алматы облысы да Таиланд Корольдігімен іскерлік байланысты ілгерілетіп келеді. Мәселен, биыл мамыр айында өңір делегациясы Таиланд Корольдігіне барып, THAIFEX – Anuga Asia 2026 халықаралық көрмесіне қатысты. Сапар нәтижесінде Алматы облыстық Туризм басқармасы Таиландтың бірқатар туристік қауымдастығымен меморандумдарға қол қойды. Туризмнен бөлек, сауда және инвестиция салаларында да ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндік бар. Себебі 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 15 млн АҚШ долларын құраған.
Марат Елеусізұлы өз сөзінде Алматы облысы Таиланд инвестицияларын агроөнеркәсіптік кешенге, тамақ өнеркәсібіне, логистикаға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, қонақ үй бизнесіне және қызмет көрсету саласына тартуға мүдделі екенін айтты.
«Алматы облысы – Қазақстандағы ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Облыс экономикасы тұрақты оң өсім көрсетіп отыр. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, өңірлік өнім көлемі бойынша елімізде 10-нан 5-орынға көтерілді.
Туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бірегей табиғи ландшафттар, ұлттық саябақтар мен бай тарихи-мәдени мұраның арқасында Алматы облысы Орта Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың біріне айналды. Былтыр облысымызға 147 мыңнан астам шетелдік турист келді. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 13 пайызға жоғары. Шетелдік қонақтар саны бойынша Алматы облысы елдің барлық аймақтары арасында үшінші орынды иеленеді.
Өңірімізге Таиланд азаматтарының қызығушылығының артып келе жатқаны қуантады. Егер 2025 жылы Алматы облысына Таиланд Корольдігінен 45 турист келген болса, 2026 жылдың алғашқы бес айының өзінде олардың саны 414 адамға жетті. Бұл үдерісте көлік қатынасының дамуы мен визасыз режимнің енгізілуі маңызды рөл атқарады. Бүгінде Қазақстан мен Таиланд арасында аптасына 23 тұрақты әуе рейсі ұшады», – деді аймақ басшысы.
Кездесу барысында Пияпин Нийомреркс өңірдің экономикалық, өндірістік және туристік әлеуетін жоғары бағалап, алдағы уақытта Таиланд Премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрінің Қазақстанға келетіні туралы хабарлады. Айтуынша, бұл сапар Қазақстан Сыртқы істер министрінің шақыруымен Алматы қаласында болады.
«Алматы облысының көрікті келбеті ерекше әсер қалдырды. Осында атқарылып жатқан ауқымды істерді өз көзіммен көру мен үшін үлкен мәртебе. Әсіресе Қонаев және Алатау қалаларының даму жоспары қайран қалдырады. Болашақта екі тараптың арасында тығыз әріптестік қатынас орнайды деп сенемін.
Жақын күндері Алматыда «Қазақстан – Таиланд» бизнес форумы өтеді. Оған Таиландтың жетекші 12 компаниясының 30-дан астам өкілі қатысады. Сондай-ақ форумда B2B кездесулері өткізіліп, екі тарап нақты міндеттері мен болашақта бірлесіп атқаратын жобаларын талқылайды. Бұл шаралар екі ел арасындағы серіктестікті одан әрі дамытуға жол ашатыны сөзсіз», – деді Пияпин Нийомреркс.

Другие новости

Таиландтан келетін туристер саны артты

Таиландтан келетін туристер саны артты

Алматы облысы мен Таиланд Корольдігі арасындағы ын...

  11.06.2026   105
После вмешательства акима области жителям Карасайского района полностью восстановили свет и воду

После вмешательства акима области жителям Карасайского района полностью восстановили свет и воду

Поводом для принятия оперативных мер стали обращен...

  11.06.2026   174
Новые горизонты регионального партнерства

Новые горизонты регионального партнерства

Вопросы расширения торгово-экономического, инвести...

  10.06.2026   231
Стеклянный мост построят на Черном каньоне

Стеклянный мост построят на Черном каньоне

Аким области Марат Султангазиев посетил Кегенский...

  10.06.2026   220
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.