Алматы облысының әкімі инвесторлармен туристік жобаларды талқылады
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «ASK Capital» және «Строй Индустрия» ЖШС өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізіп, өңірдегі туристік салаға бағытталған инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын талқылады.
Кездесу барысында инвесторлар екі жобаны таныстырды. Атап айтқанда, этно-туристік «Көшпенділер қаласы» кешенінің тұжырымдамасы және Кеген ауданындағы «Қара шатқал» туристік аймағында аспалы әйнек көпір салу жобасы ұсынылды.
«ASK Capital» ЖШС Алматы облысының туристік әлеуетін дамытуға және ішкі әрі шетелдік туристер үшін жаңа тартымды нысан қалыптастыруға бағытталған аспалы әйнек көпір жобасын таныстырды. Жобаның жалпы құны — 1,5 млрд теңге. Құрылыс кезеңінде 120 уақытша жұмыс орны, ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін 58 тұрақты жұмыс орны ашу жоспарланған. Жобаны іске асыру мерзімі — 2025–2026 жылдар. Толық іске қосылғаннан кейін нысан жылына 400–600 мың турист қабылдай алады.
2024 жылы аудандық бюджет есебінен 57 млн теңге көлемінде электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда автотұрақ пен павильон құрылысына арналған алаңды дайындау және тегістеу бойынша жер жұмыстары аяқталған. Жоба бастамашысының мәліметінше, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталмақ.
Сондай-ақ кездесу барысында көшпелі өркениеттің тарихи-мәдени мұрасына негізделген, өңірдің туристік әлеуетін кешенді дамытуға бағытталған «Көшпенділер қаласы» жобасы таныстырылды. Жоба инвестордың 100 пайыз жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Болжам бойынша, этно-туристік кешен жылына 150 мыңға дейін турист қабылдай алады. Құрылыс кезеңінде 120-ға дейін жұмыс орны, ал пайдалану сатысында 80 тұрақты жұмыс орны ашылады. Кешеннің жобалық қуаттылығы — туристік маусымның шарықтау кезеңінде күніне 2 мың келушіге дейін.
Кездесу соңында байланыс желілері мен телекоммуникациялық инфрақұрылымға қолжетімділіктің жоқтығы секілді бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Алматы облысының әкімі тиісті мемлекеттік органдарға қолданыстағы заңнама аясында аталған мәселелерді шешу жолдарын пысықтауды тапсырды.





