Воскресенье, 30 Августа 2026

Өзбек еліндегі өрелі іс

Өзбек еліндегі өрелі іс

Өзбекстан Республикасы Тəуелсіздігінің 35 жылдығы аясында қазақ әдебиетінің көр­некті өкілі, жазушы, драматург әрі аудармашы Рахметолла Райымқұловтың кіндік қаны тамған Ташкент облысы Бостанлық ауданының Қараманас ауылын­дағы қазақ мектебіне қаламгер есімі берілді. Қараманастағы қазақ мектебіне Рахметолла Райымқұлов есімінің берілуі Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен жəне Ташкент облысы əкімінің шешімімен жүзеге асты. Өзбек еліндегі өрелі істің салтанатты ашылуы 2 қыркүйек күні ұйымдастырылмақ. Бұл – екі ел арасындағы кезекті бір берік достықтың белгісі.

Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рухани және мәдени байланыс нығая түсуде. Оған дәлел – биыл Түркістанда ашылған жаңа мешітке Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің әкесі Миромон Мирзиёевтің есімінің берілуі. Бұл мешіт Өзбекстан тарапының қазақ халқына жасаған ерекше сыйы болатын. Сондықтан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа нысанға рухани сабақтастық пен екі ел достығының белгісі ретінде «Миромон ата» есімін беруді ұсынды.
Миромон Мирзиёев – мамандығы бойынша дәрігер-фтизиатр болып, денсаулық сақтау сала­сына зор үлес қосқан белгілі тұлға. Ал еңбек жолын 1933 жылы Ташкент облысының Жоғары Шыршық ауданында өзі оқыған мектепте мұғалім болып бастаған Рахметолла Райымқұловтың шығармашылығы қазақ және өзбек әдебиетімен, екі ел арасындағы мәдени байланыспен сабақтас. Рахметолла Райымқұлов кейіннен Алматыға келіп, бірқатар белді басылымда еңбек етті. Ол жазушылықпен ғана шектелмей, драматургия мен аударма саласында да өзіндік із қалдырды. Оның шығармашылығы екі елдің әдеби-мәдени кеңістігін жақындастыра түсті. Сондықтан қаламгер есімінің туған жеріндегі қазақ мектебіне берілуі – оның рухани мұрасын ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға қосылып отырған қомақты үлес. Бұл тағылымды шараға Алматы облысының әкімдігі де өзіндік үлесін қосып, түрлі бағытта қолдау көрсетіп отыр. Қыркүйектің 2-жұлдызында Қараманас ауылында өтетін мектептің ашылу салтанатында Рахметолла Райымқұловқа арналған мемориалдық бұрыш та ашылады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі қаламгер туралы бір сөзінде: «Рахметолла Райымқұлов – руханиятымыздың өркендеуіне зор үлес қосқан қабырғалы қаламгер. Жазушының шоқтығы биік шығармалары оқырман қауымның жүрегіне жол тауып, лайықты бағасын алды. Сондай-ақ ол шетелдің классикалық туындыларын қазақ тіліне аударып, рухани мол мұра қалдырды», – деп айрықша атап өткен болатын.
Салтанатты іс-шараға Өзбекстан мен Қазақстан­ның белгілі мемлекет жəне қоғам қайраткерлері, соның ішінде Өзбекстан Республикасы Мектепке дейінгі жəне мектеп білімі министрлігі мен Мəдениет министрлігінің басшылығы, Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің бас директоры Абдусаид Кучимов, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше жəне Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов, Түркі мəдениеті жəне мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова, белгілі қазақ қаламгерлері мен əдебиеттанушылары Құлбек Ергөбек пен Нұрғали Ораз, сондай-ақ екі елдің шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жазушының ұрпақтары, ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар қатысады деп күтілуде.
Қараманастағы қазақ мектебінің де өзіндік тарихы бар. 1936 жылдан бастау алатын білім ошағы талай буынға ана тілінде білім беріп, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Енді мектеп тарихында жаңа кезең басталады. Бір кезде осы топырақта дүниеге келген жазушының есімі енді сол өлкенің балалары білім алатын мектептің маңдайшасына жазылады. Жаңа оқу жылын оқушылар Рахметолла Райымқұлов атындағы №34 қазақ мектебінде бастайды. Мұнда мектептің қазіргі тынысы мен өткен тарихы, ұстаздардың еңбегі мен оқушылардың арманы қаламгер есімімен тоғысады. Мектеп оқушысы «Рахметолла Райымқұлов кім?» деген сұраққа жауап іздеу арқылы қазақ әдебиетінің тарихына үңіледі. Оның шығармаларын оқып, қаламгердің өмір жолымен танысады. Осылайша жазушының қалыптастырған жолы, шығармалары таным мен тәрбиенің бір бөлігіне айналады.
Бұл атау білім ошағына тек тарихи мәртебе беріп қоймайды. Ол мектеп қауымына үлкен жауапкершілік те жүктейді. Себебі қаламгер атын иеленген білім ордасы әдебиетке, тілге, ұлттық руханиятқа деген құрметті күнделікті білім беру үдерісі арқылы жалғастыруы тиіс. Бұл – ұрпаққа қалдырылған үлкен аманат болары сөзсіз.

Другие новости

Өзбек еліндегі өрелі іс

Өзбек еліндегі өрелі іс

Өзбекстан Республикасы Тəуелсіздігінің 35 жылдығы...

  29.08.2026   207
Партия «Әділет» обеспечила школьными принадлежностями более тысячи детей в Алматинской области

Партия «Әділет» обеспечила школьными принадлежностями более тысячи детей в Алматинской области

В преддверии нового учебного года школьникам перед...

  28.08.2026   242
Третьих смен становится все меньше

Третьих смен становится все меньше

Почти 385 тыс. детей сядут за парты в школах Алмат...

  28.08.2026   187
Алматы облысында жаңа оқу жылына 384 мыңнан астам оқушы білім алады

Алматы облысында жаңа оқу жылына 384 мыңнан астам оқушы білім алады

Алматы облысында 2026–2027 оқу жылына дайындық жұм...

  27.08.2026   187
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.