Четверг, 29 Октября 2026

Астанада мерейтойлық XV халықаралық NIS конференциясы басталды

Астанада мерейтойлық XV халықаралық NIS конференциясы басталды

Бүгін елордада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Мектеп және адами әлеует: сапалы білім және тең мүмкіндіктер» тақырыбындағы XV халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өз жұмысын бастады. Он бес жылдық тарихы бар халықаралық басқосу педагогтерді, білім беру ұйымдарының басшыларын және халықаралық сарапшыларды бір алаңға тоғыстырды.
Осы уақыт ішінде NIS Conference білім беру саласындағы кәсіби диалог пен озық тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Биыл мерейтойлық жиынға 1700-ге жуық қатысушы жиналды. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Финляндия, Нидерланд, Үндістан, Жапония, Түркия және басқа да елдерден келген 24 шетелдік спикер, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжанның білім беру саласының өкілдері бар.
Конференция бағдарламасы 38 тақырыптық секцияны қамтиды. Онда білім сапасын арттыру, білім алуға тең мүмкіндік жасау және технологиялық әрі әлеуметтік өзгерістер жағдайында адами әлеуетті дамыту мәселелері қарастырылады.
Конференцияның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, Қазақстан Республикасы Құрылтайының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, «Freedom Шапағат» корпоративтік қорының басқарушы директоры Руслан Жұмашев және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой өз сөзінде адами капиталды дамыту елдің стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Ол сапалы білім берумен қатар, балалардың денсаулығы мен психологиялық әл-ауқатына көңіл бөлу, сондай-ақ әрбір оқушының қабілетін ашуға жағдай жасау маңызды екенін айтты.
– Қазақстан халқының жартысына жуығын балалар мен жастар құрайды. Бұл – еліміздің басты стратегиялық артықшылығы әрі үлкен жауапкершілік. Әрбір бала тұрғылықты жеріне немесе отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуға мүмкіндік иеленуі тиіс. Балалардың әлеуетін толық ашу үшін мемлекет, мектеп және ата-аналар бірлесе әрекет етуі қажет, – деді Алексей Цой.
Ал Асхат Аймағамбетов өз сөзінде педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау, әкімшілік жүктемесін азайту және білім беру жүйесінде цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мәселелеріне назар аударды.
– Жаңа әдісті меңгеруді талап етсек, оны үйренуге уақыт беруіміз керек. Зерттеу жүргізуді күтсек, әріптестерімен бірге жұмыс істеуіне мүмкіндік жасауымыз керек. Кәсіби шешіміне жауапкершілік жүктесек, сол шешімді қабылдауға сенімді де білдіруіміз қажет, – деді Асхат Аймағамбетов.
«Freedom Шапағат» корпоративтік қорының басқарушы директоры Руслан Жұмашев білім саласына қаржы бөлудің және жас ұрпаққа тең мүмкіндіктер жасаудың маңызына тоқталды. Талдықорғандағы NIS түлегі ретінде ол мектептің өзінің тұлғалық және кәсіби қалыптасуына қосқан үлесі жайында айтып, жеке тәжірибесін бөлісті.
– Адами капиталды дамыту – Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі. Freedom компаниялар тобы білім саласына қолдау көрсету арқылы еліміздің болашағына үлес қосуды, жастардың әлеуетін арттыруды және еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды дамытуға ықпал етуді көздейді, – деді Руслан Жұмашев.
Адами әлеуетті дамыту тақырыбын жалғастырған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіру және NIS тәжірибесін еліміздің мектептеріне кеңінен тарату бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сөз қозғады.
– Сабақ сапасы, мұғалімнің кәсіби шеберлігі және оқушының дамуы NIS жұмысының әрдайым басты назарында болды. Педагогикалық шеберлік орталығының біліктілікті арттыру курстарынан жүз мыңдаған мұғалім өтті. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасының төрт жүзден астам түлегі бүгінде мектеп басқарады. Олардың арасында «Келешек мектептерінің» директорлары да бар. Бірлескен жобалар аясында 300-ден астам мектеп, шамамен 240 мың оқушы мен 20 мыңнан астам мұғалім қамтылды. Алдағы міндет – қол жеткізген нәтижелерді одан әрі жетілдіру, халықаралық тәжірибені зерделеу және тиімді тәсілдерді әріптестерімізбен бірге талқылау. Конференция осыған жол ашады, – деді Әнуар Жанғозин.
Биылғы конференцияның негізгі спикерлері қатарында Бостон колледжінің профессоры Энди Харгривз, білім беру экономикасы саласының сарапшысы Гарри Патринос, Финляндиядан келген когнитивтік нейроғылым зерттеушісі Катри Саарикиви, Parents International ұйымының директоры Эштер Саламон және өзге де халықаралық мамандар бар. Олар мұғалім мамандығының болашағы, білім берудің экономикалық дамуға ықпалы, жасанды интеллект дәуіріндегі мектептің рөлі және сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жолдары туралы ой бөліседі.
Екі күнге жоспарланған бағдарлама аясында пленарлық баяндамалар, тақырыптық секциялар, практикалық воркшоптар, шеберлік сабақтары, панельдік пікірталастар, дөңгелек үстелдер және Ignite Talks форматындағы қысқа таныстырылымдар өтеді.
Негізгі назар педагогтердің кәсіби дамуына, мектеп көшбасшылығына, жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдануға, инклюзивті орта қалыптастыруға және балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге аударылады. Сонымен қатар оқушылардың зерттеушілік дағдыларын жетілдіру, білім беру деректерін тиімді пайдалану және оқыту сапасын жақсарту жолдары талқыланады. Қатысушылар педагогикалық зерттеулерінің нәтижелерін таныстырып, заманауи әдіс-тәсілдерді мектеп тәжірибесіне енгізудің тиімді жолдарын ұсынады.
Конференция аясында педагог-практиктердің 120-ға жуық зерттеу жұмысы ұсынылатын постерлік көрме ұйымдастырылады. Сондай-ақ NIS Korme көрме алаңы жұмыс істейді. Мұнда білім беру саласындағы жаңа бастамалар, баспа өнімдері мен цифрлық шешімдер таныстырылады.
Мерейтойлық XV халықаралық NIS конференциясының бас демеушісі – Freedom Holding Corp. Сондай-ақ шараның ұйымдастырылуына Halyk Bank те қолдау көрсетіп отыр.

Другие новости

Астана принимает юбилейную XV Международную конференцию NIS

Астана принимает юбилейную XV Международную конференцию NIS

Сегодня стартовала XV Международная научно-практич...

  29.10.2026   82
Астанада мерейтойлық XV халықаралық NIS конференциясы басталды

Астанада мерейтойлық XV халықаралық NIS конференциясы басталды

Бүгін елордада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің...

  29.10.2026   75
Алматы облысының қосымша білім беру ұйымдары республикалық рейтингте үздіктер қатарынан көрінді

Алматы облысының қосымша білім беру ұйымдары республикалық рейтингте үздіктер қатарынан көрінді

2026 жылғы 28 қазанда Түркістан облысында өткен Ре...

  29.10.2026   256
Интеллектуальный старт

Интеллектуальный старт

С 28 по 30 октября в Алматинской области проходит...

  28.10.2026   310
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.