Суббота, 28 Марта 2026

«Таза табиғат – ұлт болашағы»: Алатау қаласында экологиялық мәдениет қалыптасуда

«Таза табиғат – ұлт болашағы»: Алатау қаласында экологиялық мәдениет қалыптасуда

Қазіргі таңда экологиялық жағдай – тек бір елдің ғана емес, күллі әлем жұртшылығының басты назарындағы мәселе. Адамзат өркениетінің дамуы табиғатқа айтарлықтай салмақ салып отырғаны белгілі. Ауа мен судың ластануы, жасыл желектердің азаюы мен тұрмыстық қалдықтардың көбеюі – осының айқын дәлелі. Бұл түйткілдер Қазақстанда да өзекті болып отыр, әсіресе жаңадан құрылып, қарқынды дамып келе жатқан Алатау секілді жас қалалар үшін.

Алатау – болашағы зор, заманауи инфрақұрылымы дамып келе жатқан қала. Мұндағы басты қағидаттардың бірі – экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты даму ұстанымдарын қатар алып жүру. Осы орайда қала әкімдігі мен жергілікті тұрғындар елімізде кең көлемде ұйымдастырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясына белсенді түрде атсалысып келеді.

Аталған экологиялық бастама – қоршаған ортаны сақтауға бағытталған ұлттық ауқымдағы маңызды жоба. Ол халықтың экологиялық мәдениетін арттыруды, табиғатты аялап қорғауға бағытталған азаматтық белсенділікті нығайтуды көздейді.

Алатау қаласында бұл бағытта бірқатар жүйелі жұмыстар жолға қойылды. Апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктер барысында қаланың әрбір ықшам аудандарында тазалық жұмыстары жүргізілуде. Қоқыс қалдықтары арнайы техникамен шығарылып, жасыл желектер отырғызылып, қоғамдық орындар абаттандырылуда. Сонымен қатар, тұрғындар арасында қоқысты сұрыптап тастау мәдениетін енгізу жұмыстары да қолға алынған.

Қаланың мектептері мен балабақшаларында экологиялық тәрбиеге ерекше көңіл бөлінуде. Балаларға табиғатты сүю, оған жанашыр болу, қоршаған ортаға ұқыпты қарау туралы түрлі үйірмелер мен жобалар, сурет көрмелері және танымдық сабақтар ұйымдастырылып отыр. Бұл – болашақ ұрпақтың бойына табиғатқа деген жауапкершілікті сіңірудің маңызды қадамы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз табиғатты сақтауға ұмтылғанда ғана ұрпағымызға жарқын болашақ қалдыра аламыз» деп атап өткен болатын. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісіне айналуы тиіс.

Алатау қаласы әкімдігі барлық тұрғындарды тазалыққа үлес қосуға, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шараларға белсенді араласуға шақырады. Әрбір адамның қарапайым күнделікті әрекеті – өз ауласын таза ұстау, қоқысты кез келген жерге тастамау, ағаш отырғызу – бұл қаламыздың экологиялық келбетіне қосылған үлес екенін ұмытпайық.

Таза табиғат – салауатты өмірдің кепілі. Алатау қаласы жарқын болашағын тек технологиялық дамуымен емес, таза, қауіпсіз, жайлы ортасымен де қалыптастырады. Сондықтан, әрқайсымыз табиғатпен үйлесімді өмір сүруге ұмтылайық – келешек ұрпаққа көрікті қала мен таза ауаны мирас етіп қалдыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Алатау қаласының аналар кеңесінің төрайымы Сауырбаева Риза Санаққызы.

Другие новости

Суға ұқыпты қарау – әрбір тұрғынның үлесі

Суға ұқыпты қарау – әрбір тұрғынның үлесі

28 наурыз күні Шелек ауылында «Суға ұқыпты қарау –...

  27.03.2026   151
Еңбекшіқазақ ауданында 150 түп терек отырғызылды

Еңбекшіқазақ ауданында 150 түп терек отырғызылды

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қараж...

  26.03.2026   213
Сохраним природу для будущих поколений

Сохраним природу для будущих поколений

В рамках декады Наурызнама отмечается День очищени...

  23.03.2026   286
Юные казахстанцы принимают участие в республиканской акции «Мөлдір бұлақ»

Юные казахстанцы принимают участие в республиканской акции «Мөлдір бұлақ»

В Казахстане стартовала экологическая акция «Мөлді...

  23.03.2026   299
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.