Понедельник, 21 Сентября 2026

Astana Media Week 2025: заманауи журналистиканың жаңа бағыттары

Astana Media Week 2025: заманауи журналистиканың жаңа бағыттары

Бүгін, 2025 жылғы 5 қарашада, Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Astana Media Week 2025 форумы өз жұмысын бастады.

Тоғыз жыл ішінде форум Қазақстандағы медиа саласын дамытуға арналған басты алаңға айналып, халықаралық және отандық медиа кәсіби мамандарын, медиабизнес өкілдері мен мемлекеттік органдарды біріктіретін маңызды платформа болып қалыптасты.

Медиааптаның алғашқы күні «Жасанды интеллект пен цифрландыру кезеңіндегі журналистиканың жаңа бағыттары: қоғам сенімі және өркендеу» атты пленарлық сессиямен ашылды. Форум қатысушыларына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.

«Ақпарат басты ресурсқа айналған заманда біздің осындай басқосуларымыздың маңызы ерекше. Себебі дәл осындай алаңда ғана біз өзекті мәселелерді ашық талқылап, қорытынды жасап, соның негізінде бизнес пен мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты маңызды шешімдер қабылдай аламыз. Бүгінде Қазақстан кеңістік пен уақыт тоғысындағы ерекше кезеңді бастан өткеруде. Мемлекет, қоғам және медиа азаматтардың сұранысына сай, елдің алдағы дамуының заманауи бағыт-бағдарын айқындап келеді. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанды» құру ісінде осындай өзара бекем байланыс берік іргетасқа айналуға тиіс дегені де бекер емес», – деді Аида Балаева.

Министр Digital News Report зерттеуіне сәйкес, Қазақстан азаматтарының бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенім деңгейі Орталық Азиядағы басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары екенін айтты. Аида Балаеваның айтуынша, бұл – медиасаланы реформалау бойынша мемлекет жүргізіп келе жатқан жүйелі саясаттың нәтижесі.

Министр құттықтауында атап өткендей, Қазақстан өңірде алғашқылардың бірі болып халықаралық стандарттарға, соның ішінде Digital Services Act қағидаттарына негізделген «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылдады. Сонымен қатар жаңа «Масс-медиа туралы» заң редакциялардың құқықтық мәртебесін күшейтіп, журналистерді қорғау тетіктерін кеңейтті және ақпаратқа қол жеткізу тәртібін нақты айқындады. Аида Балаева осы бағыттағы жұмыс жалғасын табатынын айта келе, министрлік бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулер әзірлеп жатқанын атап өтті. Бұл түзетулер ақпараттық кеңістіктегі жылдам өзгерістерге лайықты жауап болмақ.

Пленарлық сессияда сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Euronews-тің Қазақстандағы бюро жетекшісі Боян Бркич, Euronews халықаралық тілшісі (Франция) Денис Локтье, Өзбекстан Ұлттық медиа қауымдастығы бас директорының орынбасары Санжар Устабобоев, Түркия радиотелевизиялық корпорациясының (Түркия) Қазақстандағы өкілдігінің директоры Мехмед Захид Чалышкан және "Жетінші арна" телеарнасының бас директоры Илхам Ибрагимов сөз сөйледі.

Іс-шара «Журналистика тоғысында: жасанды интеллекті бар цифрлық медианың пайда болуы» атты панельдік сессиямен жалғасты. Бұл алаңда қазіргі ақпараттық кеңістіктің трансформациясындағы негізгі үрдістер талқыланды. Айта кетерлігі, бағдарламаның бір бөлігі стримингтік платформалар нарығына арналды.

Алдағы екі күн ішінде медиаорталық холлында Astana Media Week 2025 контент-маркеті өтеді. Бұл – жаңа форматтар, копродукциялар және халықаралық кооперациялар таныстырылатын алаң. Контент-маркет продакшн-компаниялар, дистрибьюторлар және платформалар арасындағы іскерлік кездесулер өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай мен Қазақстанның ішкі және сыртқы нарықтарына арналған жаңа идеялар, пилоттық жобалар мен бірлескен өндіріс мүмкіндіктері ұсынылады.

Astana Media Week 2025 7 қарашаға дейін жалғасып, еліміздің барлық өңірлерінен мемлекеттік, тәуелсіз және жаңа медиа өкілдері бас қосады. Қатысушылар үшін пленарлық және панельдік талқылаулар, жабық питчинг-сессиялар, сондай-ақ саладағы жетекші сарапшылар өткізетін практикалық мастер-класстар ұйымдастырылады.

Медиаапта аясында ең белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар қарастырылған. Үздік сұрақ қойған авторлар жетекші стримингтік сервис, медиамониторингтік компаниялардың жылдық жазылымына арналған сертификаттар және бас жүлде – Самарқандқа саяхат ұтып алу мүмкіндігіне ие болады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Другие новости

Казахстан и Франция расширяют сотрудничество в сферах театрального искусства, музейного и архивного дела

Казахстан и Франция расширяют сотрудничество в сферах театрального искусства, музейного и архивного дела

В Париже в рамках Дней культуры Казахстана во Фран...

  20.09.2026   117
ТҮРКІ ӘЛЕМІ КОМПОЗИТОРЛАРЫ ОДАҒЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ БАКУ ДЕКЛАРАЦИЯСЫНА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

ТҮРКІ ӘЛЕМІ КОМПОЗИТОРЛАРЫ ОДАҒЫН ҚҰРУ ТУРАЛЫ БАКУ ДЕКЛАРАЦИЯСЫНА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін Баку қаласында Түркі мәдениеті және мұрасы қ...

  19.09.2026   237
Парк  «Ұлы Ана» -  территория духовного роста

Парк «Ұлы Ана» - территория духовного роста

В музее «Анаға құрмет» в Райымбекском сельском окр...

  18.09.2026   228
Алматы облысында ағартушы-қайраткер, Алаш рухты ақын-композитор Қапез Байғабылұлының туғанына 130 жыл толуына орай ауқымды мерейтойлық іс-шаралар өтуде

Алматы облысында ағартушы-қайраткер, Алаш рухты ақын-композитор Қапез Байғабылұлының туғанына 130 жыл толуына орай ауқымды мерейтойлық іс-шаралар өтуде

Алматы облысында ағартушы-қайраткер, Алаш рухты ақ...

  18.09.2026   214
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.