Конституциялық реформа: қағидаттар, кепілдіктер және өтпелі кезеңнің нақты тәртібі
Қазақстанда жаңа Конституция жобасын жан-жақты талқылау жалғасуда. Бұл тек құқықтар мен бостандықтарды бекіту мәселесі ғана емес, сонымен қатар өтпелі кезеңде мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ететін орнықты құқықтық жүйе қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Жобаның негізгі қағидаттарының бірі – адам құқықтарының басымдығы. Жаңа редакцияда құқықтар мен бостандықтар әркімге туғанынан тиесілі екені, олардың абсолютті және ажырамас сипаты айқын көрсетілген. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының мазмұны мен қолданылуы осы қағидаттарға сәйкес айқындалатыны белгіленеді. Бұл – мемлекеттегі бүкіл құқықтық жүйе адамның қадір-қасиетін қорғауға негізделетінін білдіреді.
Сонымен қатар азаматтықтың конституциялық мәніне ерекше назар аударылған. Қазақстан Республикасының азаматы мемлекетпен тұрақты құқықтық байланысына сәйкес толық көлемде құқықтар мен міндеттерге ие және заң алдында тең. Бұған қоса, құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру басқа адамдардың құқықтарына нұқсан келтірмеуі, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке және қоғамның гуманистік құндылықтарына қол сұқпауы тиіс екені нақты көрсетілген.
Осылайша тепе-теңдік қағидасы бекітіледі: әркімнің еркіндігі өзгенің еркіндігі басталатын жерде аяқталады. Конституция бір мезгілде құқықтарды кепілдендіріп, жауапкершілік шектерін айқындайды.
Талқылау барысында тұрғын үйдің қол сұғылмаушылығы мәселесіне де ерекше мән берілуде. Бұл норма азаматтардың жеке өмірі мен қауіпсіздігінің маңызды кепілдігі ретінде қарастырылып, оны тиімді құқықтық тетіктер арқылы қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілуде.
Жаңа Конституцияның өтпелі ережелеріне де басымдық берілуде. Оның күшіне ену тәртібі мен мерзімдері нақты айқындалуы тиіс: республикалық референдум нәтижелері ресми жарияланған күннен бастап немесе арнайы белгіленген өзге күннен бастап. Бұл саяси үдерістің үздіксіздігін және мемлекеттік институттардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ өтпелі кезеңде қолданыстағы мемлекеттік органдардың мәртебесі, Парламенттің қазіргі шақырылымының өкілеттік мерзімі, Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның жаңа құрамын қалыптастыру тәртібі талқылануда.
Қолданыстағы заңнаманың күші де айқындалуы қажет: жаңа Конституция күшіне енген сәтте заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің сақталу тәртібі және оларды жаңа нормаларға сәйкестендіру мерзімдері нақты белгіленуі тиіс. Бұл құқықтық айқындық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Конституциялық реформа – әділеттілік, жауапкершілік және құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтудың маңызды қадамы. Азаматтардың белсенді қатысуы бұл өзгерістердің халық еркін шынайы бейнелейтін Негізгі заңға айналуына негіз болады.
«Алатау қаласының үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ директоры
Бегмуратова Шырын Ергалиевна





