Мемлекеттік қызметтегі әдеп – қоғам сенімінің негізі
«Адам әдебімен көрікті» дейді қазақ халқы. Халқымыздың «әдеп», «әдептілік» ұғымдарының мәні тереңде, ұлттық рухани мәдениетіміздің тамырынан бастау алады.
«Әдеп» термині түркі халықтарының мәдениетіне орта ғасырларда араб-мұсылман мәдениетінің ықпалымен енген. Бұл ұғым қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына қойылатын моральдық-этикалық талаптарды білдіреді. Адамның сөйлеу мәнері, іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, өзін ұстай білуі – оның мәдениеттілігі мен әдептілігінің айқын көрінісі. Әдептілік – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі.
Әдептілік – адам бойындағы жағымды қасиеттердің бірі. Ол адамның қоғамда қабылданған әдеп нормаларын сақтауы және соған сай өмір сүруі арқылы көрініс табады. Бұл қасиет ең алдымен отбасы тәрбиесі мен қоғамдық ортада қалыптасады.
Қазақ этикасының қайнар көзі Еуразияның Ұлы даласында өркендеген ежелгі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы және түркі тайпаларының мәдениетінен бастау алады. Орта Азиядан табылған түркі жазбаларында – Күлтегін мен Тоныкөк ескерткіштерінде татулық, бақыт, дәулет сияқты әдеп ұғымдары кеңінен көрініс тапқан.
Әдеп мәселесін арнайы ілім ретінде қарастырған ғұлама философ Әбу Насыр әл-Фараби болды. Ол әдепті жақсылық пен жамандықты айыруға мүмкіндік беретін ғылым ретінде бағалап, «Әдептілік – әрбір адамның рухани байлығы» деп атап өткен.
Сонымен қатар түркі халықтарының этикалық ой-пікірінің дамуына Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Иүгінеки, Сүлеймен Бақырғани сияқты ғұламалар үлкен үлес қосты. Қазақ хандығы дәуірінде Асан Қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай сынды ақын-жыраулар ұлттық әдеп жүйесін жоғары деңгейге көтерді. Олардың әлеуметтік-этикалық ойлары қазақ халқының әдептік санасының қалыптасуына, кейінгі ұрпақты ұлтжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуге зор ықпал етті.
Дана халқымыз: «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, қорғаны – сабыр, жолдасы – кәсіп, қорғайтын қорғаушысы – мінез, ал барлығын тәртіпке келтіретін – әдептілік» деп бекер айтпаған.
Бүгінгі таңда бұл рухани құндылықтың маңызы қоғамның барлық саласында өзектілігін жойған жоқ. Әсіресе ел тізгінін ұстап, халыққа қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер жоғары мәдениеттің, парасаттылықтың, сыпайылық пен кішіпейілділіктің, әдептіліктің үлгісін көрсетуі тиіс.
Қоғам мемлекеттік қызметшілерге үлкен сенім артады. Олар өздерінің барлық күш-жігерін, білімін және тәжірибесін кәсіби қызметіне арнап, Қазақстан Республикасына адал әрі қалтқысыз қызмет етеді деп күтеді.
Сондықтан мемлекеттік қызметшілер туралы қоғамда оң пікір мен сенім қалыптасуы аса маңызды. Әрбір мемлекеттік қызметші халқымыздың рухани құндылықтарын сақтай отырып, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға және Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтауға міндетті.
Біз әрқашан бір-бірімізге жылы сөз айтып, ізгі ниет танытып жүрейік. Өйткені адамды әдемі ететін – сыртқы келбеті ғана емес, оның ішкі жан дүниесі, әдептілігі мен мәдениеттілігі.
Асқар САДЫҚОВ,
Іле ауданының әдеп жөніндегі уәкілі.





