Кино тарихынан танылған мекен – «Қыз Жібек» түсірілген Күрті су қоймасы бүгінде жаңа тыныс алып, қайтадан ел назарын өзіне аударды
Кино тарихынан танылған мекен – «Қыз Жібек» түсірілген Күрті су қоймасы бүгінде жаңа тыныс алып, қайтадан ел назарын өзіне аударды.
Бір кездері тек кадрда қалған көркем табиғат енді шынайы туристік магнитке айналды. Бүгінде мұнда күн сайын 1500–2000-ға дейін демалушы келеді.
Осы ретте «Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Күрті жағалауында жергілікті тұрғындармен бірге сенбілікке шықты.
Өңір басшысы экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтіп:
«Табиғат – бұл тек ресурс емес, бұл – біздің болашағымыз. Таза орта – әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Бүгінгі бастама – тек бір күндік шара емес, ол тұрақты дағдыға айналуы тиіс», – деді.
Аталған туристік аймақта өткен сенбілікке 500-ге жуық тұрғын қатысып, 9 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Жалпы, бүгін Іле ауданы бойынша сенбілік кең көлемде ұйымдастырылып, негізгі туристік нысандар толық қамтылды. Атап айтқанда: Первомайские пруды, Sokol спорттық-техникалық кешені, Рыбацкая усадьба, Tortuga демалыс базасы және Dubai Resort аквапаркі.
Аудан көлеміндегі бүгінгі сенбілікке жалпы 800-ден астам адам қатысып, 45 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Айта кетейік, бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 31 қазандағы №910 қаулысымен бекітілген «2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы» аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Жыл басынан бері Іле ауданында 8 санитарлық тазалық сенбілігі және «Таза өлке – таза жер» акциясы өткізілді. Нәтижесінде 15 142 адам қамтылып, 189 арнайы техника жұмылдырылды, 795,4 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ бүгінгі күні 25 763 ағаш отырғызылды.
Іле ауданы – тек өндіріс пен инфрақұрылым ғана емес, экологиялық мәдениет қалыптасып жатқан өңір. Ал Күрті жағалауы – соның айқын дәлелі: табиғат пен туризм үйлескен жаңа нүкте.





