Елордаға 180 тонна өнім жеткізілді
Алматы облысындағы егіс алқаптары мен бау-бақшадан жиналған өнімдер Астана қаласына жеткізілді. Мұнда ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңке өтіп жатыр. Оған 180 тоннаға жуық 52 түрлі өнім ұсынылды. Сауда сөрелеріне ет, сүт, балық, бал өнімдері, түрлі жеміс-жидек пен көкөніс және басқа да тағам түрлері қойылды. Экологиялық таза әрі табиғи өнімдердің құны нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жәрмеңкеде облыс шаруалары өз тауарын таныстырып, делдалсыз саудалауға мүмкіндік алып отыр. Бұл Астана тұрғындары үшін таза әрі табиғи өнімді тиімді бағамен сатып алуға таптырмас мүмкіндік.
«Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрі өндіріледі. Жәрмеңкеде соның бәрін қамтып, 180 тонна тауар алып келдік. Атап айтқанда, 30 тонна ет, 90 тонна жеміс-жидек, одан бөлек көкөніс, бал және балық өнімдері бар. Жәрмеңкеде өңір кәсіпкерлеріне 70-ке жуық сауда орны берілді. Жылдағы дәстүр бойынша шараны Алматы, Абай және Маңғыстау облыстары бірігіп өткізіп жатырмыз. Өнімнің сапасы мен бағасы тұрақты бақылауда», – деді Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыдықов.
Ең бастысы, облыс әкімдігі тарапынан тауарды Астанаға жеткізіп, орындарына жайғастыруға жәрдем берілді. Кәсіпкерлер бұл шара өнімін халық арасында насихаттап, жұмысын жетілдіруге үлкен қолдау екенін айтты. Мәселен, Есік қаласында балық шаруашылығымен айналысатын компания басшысы Артур Вольхин 200 келі өнім алып келген. Оның ішінде сазан, ханбалық, бекіре және өзге де балық түрлері бар.
«Біз өзіміз өндіретін қақталған және тірі балықтарды таныстырып, ұсынып жатырмыз. Жәрмеңке бізге халықпен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беруде. Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы өнімін сататындар көп. Бірақ оның сапасын бағамдау қиын. Ал жәрмеңкеде тауарды ұстап көріп, дәмін татып, көңіліңе жаққанын таңдап алуға болады. Сол себепті де біз мұндай шараларға жиі қатысамыз. Сонымен қатар біз Алматы облысының балық өсірудегі тәжірибесі мол екенін елорда халқына көрсеткіміз келді», – дейді ол.
Сенбінің таңында жәрмеңкеге ағылған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Тұрғындардың өңірде дайындалған өнімдерге, әсіресе мал еті мен әйгілі апорт алмасына деген қызығушылығы жоғары. Солардың бірі – Тұрсын Чункаева. Жәрмеңкеге отбасымен бірге келген зейнеткер тауар бағасының арзан, сапасының жоғары екеніне дән риза болып, осындай берекелі шаралар жиі өтіп тұрса деген тілегін жеткізді.
Айта кетейік, жәрмеңке Қарқаралы тасжолының бойындағы «Қазанат» ипподромында өтіп жатыр. Шара екі күн бойы жалғасады.






