Қарадала өңірінде «ӨРІК FEST – 2026» фестивалі өтеді
Биылғы жылдың 17 маусымында Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылында екінші рет «ӨРІК FEST – 2026» фестивалі ұйымдастырылады. Өткен жылы алғаш рет өткізілген бұл ауқымды шара тұрғындар мен қонақтардың, кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы мамандарының зор қызығушылығын тудырып, ауданның басты брендтерінің біріне айналған өрік шаруашылығын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді. Бұл жайында Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова баспасөз мәслихаты барысында айтты.
«ӨРІК FEST – 2026» фестивалінің басты мақсаты – ауданның өрік шаруашылығын дамытуға серпін беру, жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін насихаттау, кәсіпкерлерді қолдау, агротуризмді дамыту және Ұйғыр ауданын еліміздің өрік астанасы ретінде таныту.
Аудан әкімі Бота Серікқызының айтуынша, биылғы фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі – ғылыми-тәжірибелік бағыттың күшейтілуі. Атап айтқанда, өрік шаруашылығын дамыту, жаңа сорттарды жерсіндіру, өнімділікті арттыру және заманауи агротехнологияларды енгізу мәселелеріне арналған ғылыми-практикалық конференция өтеді. Конференция жұмысына Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының жетекші мамандары, ауыл шаруашылығы саласының сарапшылары мен тәжірибелі бағбандар қатысады.
Іс-шара барысында бақ шаруашылығын ғылыми негізде дамыту негіздері талқыланып қана қоймай, келуші жұрттың назарына концерттік бағдарламада ұсынылады.
«Қолөнер шеберлерінің көрмесі, мәдени-көпшілік шара ретінде концерт қойылып, облыс өнерпаздары әннен шашу шашады. Бұл келген көпке мерекелік көңіл-күй сыйлайды»,-деді Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ануар Үмбеталиев.
Қарадала өңірі ежелден бақ шаруашылығымен танылған өңір. Бүгінде өсімдік шаруашылығы ауданның агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі салалардың бірі болса, өрік шаруашылығы оның қарқынды дамып келе жатқан бағытына айналды. Қазіргі таңда аудан республика бойынша өрік өндіруден көш бастап келеді.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, аудан аумағындағы өрік бақтарының жалпы көлемі 3193 гектарды құрайды. Оның ішінде 2145 гектары жеміс беретін алқаптар саналады. Өткен жылы орташа өнімділік гектарына 91 центнер болып, жалпы 19 мың 520 тонна өнім жиналды. Ал биыл мамандар өнім көлемінің одан әрі артып, орташа өнімділік гектарына 95 центнерге жететінін болжауда. Нәтижесінде жалпы өнім көлемі 20 мың 378 тоннаға дейін өседі деп күтілуде.
«Соңғы он жыл ішінде ауданда 1614 гектар жаңа бақ отырғызылса, оның 1332 гектары өрік бақтарына тиесілі. Бұл бақ шаруашылығының аудан экономикасындағы маңызының жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді»,-деді аудан әкімі Бота Елеусізова.
Қазіргі уақытта Ұйғыр ауданында 542 шаруа қожалығы бақ өсірумен айналысады. Өрік өндірісіндегі ірі шаруашылықтардың қатарында 460 гектар алқаптағы «Шонжы Агро» серіктестігі, 250 гектар жердегі «Шабдалы» серіктестігі және 140 гектар аумақта жұмыс жүргізетін «Eco Park Garden» серіктестігі бар.
Аудан бағбандары негізінен «Никитинский краснощекий» және «Королевский» сорттарын өсіреді. Сонымен қатар 2025 жылдан бастап Түркиядан әкелінген жаңа өрік сорттарын жерсіндіру жұмыстары қолға алынды. Бұл бастама алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтып, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Аудан басшысының айтуынша, өндірілген өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа жеткізілсе, қалған 20 пайызы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне экспортталуда. Бұл аудан бағбандары өсіретін өнімнің жоғары сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайды.
Жауаптылардың айтуынша, «ӨРІК FEST – 2026» фестивалі тек мәдени-көпшілік мереке ғана емес, ауыл шаруашылығы, ғылым, кәсіпкерлік және туризм салаларын тоғыстыратын маңызды өңірлік алаңға айналмақ. Бұл фестиваль Ұйғыр ауданының өрік шаруашылығындағы жетістіктерін кеңінен таныстырып қана қоймай, саланың болашақ даму бағыттарын айқындауға да мүмкіндік береді.






