Халық қатысатын бюджет: теміржол көпірінің аумағы абаттандырылуда
Қонаев қаласында тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Сейфуллин көшесіндегі теміржол көпірінің астындағы аумақ абаттандырылып, демалыс пен серуендеуге арналған орынға айналмақ.
Бұл аумақ қала тұрғындары жиі пайдаланатын жаяу жүргіншілер жолдарының бірі саналады. Күн сайын бұл жерден кемінде 200–300 адам өтеді. Алайда, бұған дейін аумақта қоқыс жиналып, айналасы ретсіз күйде болған. Енді мұнда тұрғындар мен қала қонақтарына арналған жайлы орта қалыптастыру көзделіп отыр.
Құрылыс жұмыстарының барысымен Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов танысты. Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолдары заманауи жабынмен төселіп, орындықтар, қоқыс жәшіктері және шағын сәулеттік нысандар орнатылады. Сонымен қатар жарық жүргізіліп, көгалдандырылады.
Жобаның ерекшелігі – тұрғындардың үй жануарларымен серуендеуіне де жағдай жасалмақ. Осы мақсатта иттерді қауіпсіз серуендетуге арналған қоршалған арнайы алаң салынып жатыр. Онда жануарларды жаттықтыруға арналған кедергілер, төбешіктер мен басқа да арнайы құрылғылар орнатылады. Сондай-ақ алаңды пайдалану ережелері көрсетілген ақпараттық тақтайшалар қойылады.
Жоба бойынша көпір астындағы серуендеу аймағының ауданы 2 352 шаршы метрді, ал иттерді серуендетуге арналған алаңның ауданы 752 шаршы метрді құрайды. Жалпы абаттандырылатын аумақ – 3 104 шаршы метр.
Жалпы «Халық қатысатын бюджет» жобасының шеңберінде биыл 16 аумақ абаттандырылуда. Оның ішінде аулаларда балалар алаңдарын, жаттығу алаңдарын және саяжайда аллея салу көзделген. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.






