Республика күні: Қонаевта 10 түрлі тәтті тоқаш шығаратын кәсіпорын өз жұмысын бастады
Республика күні қарсаңында Қонаев қаласының кәсіпкері Мұрат Сіргебаев «Д.С.К.К» ЖШС-мен бірлесіп, 10 түрлі тәтті тоқаш шығаратын өнеркәсіп орнын ашты.
Бұған дейін Мұрат Сіргебаев «МС» брендімен қалада ретрокөліктер салонын, әскери техникалар салонын, кафе, автокөлік жуатын орын, техникалық қызмет көрсету орталығын ашқан. Енді ол тағы бір саланы игеруге көшкен.
Жаңа кәсіпорынның негізін қалауға 250 млн. теңге қаржы құйылған. Қазір мұнда 10 түрлі тәтті тоқаш шығаратын 1 желі жұмыс істеп тұр. Жобаның қуаттылығы күніне 300-400 келі, айына 9000-10000 келі өнім өндіруге жеткілікті.
Алдағы уақытта халықтың сұранысына қарай, кәмпит, сусын немесе басқа да тәтті тоқаш түрлерін өндіретін желілерді іске қосу жоспарлануда.
«Өнім «Mirlan» атауымен алыс-жақын қалаларға, осы Қонаев қаласындағы дүкендерге жіберілуде. Қазірдің өзінде серіктес болуға әртүрлі компаниялардан ұсыныстар түсіп жатыр. Халықтың сұранысына қарай, өндірісті кеңейтеміз деп жоспарлап отырмыз», – деді «Д.С.К.К» ЖШС директоры Серік Құржанбай.
Ал Мұрат Сіргебаев өнімнің халыққа қолжетімді бағада сатылуын және сапалы болуын негізгі мақсат еткенін атап өтті.
«Зауыт Республика күні қарсаңында іске қосылғанына қуаныштымыз. Аспанымыз ашық, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Баршаңызды алда келе жатқан айтулы мерекемен құттықтаймын!» – деді ол.
Айта кетейік, Қонаевта 18 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы жылдары балық зауыты, үш түрлі өнім (құрама жем, күнбағыс майы, ұн) шығаратын ірі өндіріс ошақтары іске қосылды.







