Понедельник, 16 Марта 2026

Отбасының цифрлық картасы: әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесі

Отбасының цифрлық картасы: әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесі

Қазақстанда халықтың әл-ауқатын арттыру және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жеткізу мақсатында Отбасының цифрлық картасы атты жаңа жүйе енгізілді. Бұл – азаматтар мен отбасылардың әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтер жинақталған бірыңғай ақпараттық база. Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде іске қосылған. Жүйенің негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларына тең әрі уақытылы қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Цифрлық картада әр отбасының әлеуметтік жағдайы талданып, мемлекеттік көмек түрлері айқындалады. Жүйе арқылы мемлекет халықтың әлеуметтік жағдайын кешенді түрде бағалайды. Мұнда отбасы мүшелерінің табысы, тұрғын үй жағдайы, денсаулық көрсеткіштері және білім деңгейі сияқты негізгі мәліметтер қамтылған. Осы деректер негізінде отбасылар бес санатқа бөлінеді: әлеуметтік жағдайы жақсы А санаты, қанағаттанарлық деңгейдегі В санаты, табысы төмен С санаты, дағдарыс жағдайындағы D санаты және мүшкіл деңгейдегі Е санаты. Ал D және Е санатындағы отбасылар мемлекет тарапынан ерекше назарға алынады. Бұл санаттағы азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында түрлі қолдау шаралары қарастырылған.

Жүйенің тағы бір ерекшелігі – деректердің автоматты түрде қалыптасуы. Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтердің өзара интеграциясы арқылы жасалады. Соның нәтижесінде азаматтардың табысы, жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік төлемдері, тұрғын үй жағдайы, денсаулығы мен білімі туралы ақпарат басқа мемлекеттік базалардан автоматты түрде алынады. Осы деректердің негізінде әр отбасының әлеуметтік жағдайы бағаланып, тиісті санатқа жатқызылады.

Цифрлық жүйе қарапайым азаматтар үшін де үлкен қолайлылық туғызды. Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы негізінде 12 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді рәсімдеуге болады. Сонымен қатар жүйе арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесін беру немесе ұзарту мерзімі, сондай-ақ жұмыссыз азаматтарға арналған жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты түрде хабарламалар жіберіледі.

Егер азаматтың белгілі бір әлеуметтік көмек алуға құқығы анықталса, 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама келеді. Азамат хабарлама арқылы келісімін растағаннан кейін жәрдемақы немесе әлеуметтік төлем автоматты түрде рәсімделіп, қаражат оның банк шотына аударылады.

Алматы облысында Отбасының цифрлық картасында 497755 отбасы тіркелген. Оның ішінде 1 735602 адам бар. Әлеуметтік жағдайына байланысты 359498 адам жүйенің D және Е санатындағы азаматтарының қатарында. Бұл көрсеткішті төмендету бағытында өңірде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2024 жылы дағдарыс және мүшкіл санаттағы отбасылар саны шамамен 161 мыңнан 144 мыңға дейін азайған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 140 мыңға дейін төмендеді. Ал 2026 жылы көрсеткішті 129 549 отбасыға дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Жалпы алғанда, Отбасының цифрлық картасы – әлеуметтік саясатты тиімді жүргізуге мүмкіндік беретін маңызды цифрлық құрал. Ол мемлекетке нақты көмекке мұқтаж азаматтарды анықтауға, ал тұрғындарға мемлекеттік қолдау шараларын жылдам әрі қолжетімді түрде алуға мүмкіндік береді.

Камилла Каиржанова, Алматы облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз хатшысы

Другие новости

Отбасының цифрлық картасы: әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесі

Отбасының цифрлық картасы: әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесі

Қазақстанда халықтың әл-ауқатын арттыру және мемле...

  16.03.2026   93
Главное – вовремя распознать

Главное – вовремя распознать

По итогам прошлого года число суицидов в регионе с...

  11.03.2026   214
Ключи надежды

Ключи надежды

В канун весеннего праздника - Международного женск...

  10.03.2026   304
В поисках работы

В поисках работы

Более 50 безработных граждан приняли участие в ярм...

  04.03.2026   602
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.