Еңбекшіқазақ ауданында 150 түп терек отырғызылды
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қаражота ауылында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды экологиялық іс-шара өтті. Игі бастама барысында Б.Момышұлы атындағы орта мектеп аумағына 150 түп терек ағашы отырғызылды.
Жиынға «AMANAT» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалының қызметкерлері, мектеп ұжымы, ауыл тұрғындары және еріктілер белсенді түрде қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Қатысушылар мектеп ауласын абаттандыруға ерекше көңіл бөліп, әрбір отырғызылған ағаштың болашақта ауылдың көркеюіне үлес қосатынын атап өтті. Сонымен қатар, мұндай шаралар өскелең ұрпақты табиғатты аялауға тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» акциясы аясында осындай игі бастамалар жалғасын табатынын жеткізді. Ауыл тұрғындары бұл шараны қолдап, экологиялық жұмыстарға белсенді атсалысуға дайын екендерін білдірді.





