Жаңа Конституция: кемел мемлекетке лайық құқықтық жаңғыру
Қазақстан Республикасында жарияланған жаңа Конституция жобасы – елдің саяси-құқықтық дамуының табиғи эволюциясын көрсететін, тарихи тұрғыдан пісіп-жетілген құжат. Ол 1995 жылғы Конституцияға сүйене отырып, бірақ оны қайталамай, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі болмысы мен болашаққа деген жауапкершілігін айқын бейнелейді.
Преамбула: жас мемлекеттен – кемел елге
1995 жылғы Конституцияның преамбуласы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы басты міндеттерді – мемлекеттілікті қалыптастыруды, тұрақтылықты қамтамасыз етуді және халықаралық қауымдастыққа кірігуді көздеді. Ол кезең үшін бұл тарихи тұрғыдан дұрыс әрі қажетті шешім болды.
Ал жаңа Конституцияның преамбуласы – қалыптасқан, жауапты және болашақты бағдарлай алатын мемлекеттің дүниетанымы. Онда қазақ жеріндегі мемлекеттілік пен өркениеттің терең тамырлары, Ұлы дала мемлекеттерімен сабақтастық айқын көрсетілген. Бұл – тарихи жадты жаңғырту ғана емес, ұлттық бірегейлікті құқықтық деңгейде бекіту.
Сонымен қатар, унитарлық мемлекет, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастықтың өзгермейтін құндылықтар ретінде нақтылануы – егемендікті қорғаудың конституциялық кепілі. Бұл нормалар бұрын қорытынды және өтпелі ережелерде қамтылса, енді мемлекеттің іргетасына айналып отыр.
«Әділетті Қазақстан» – декларация емес, конституциялық бағдар
Жаңа преамбулада «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттарының бекітілуі – саяси ұраннан нақты құқықтық бағдарға көшу. Адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, этносаралық және конфессияаралық келісімнің мемлекеттіліктің негізі ретінде айқындалуы қоғамдағы сенімді нығайтады.
1995 жылғы Конституцияда бұл құндылықтар жалпы сипатта көрініс тапса, жаңа редакцияда олар нақты әрі мазмұнды түрде бекітілген. Бұл – құқық қолдану тәжірибесінде айқындық пен бірізділікті қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік құрылыстың негіздері: нақтылық пен жүйелілік
«Жалпы ережелер» атауының «Конституциялық құрылыстың негіздері» деп өзгеруі – мазмұнға сай жасалған орынды қадам. Бұл бөлім мемлекеттің тек сипаттамасын емес, оның фундаменталды қағидаттарын айқындайды.
Қазақстанның президенттік республика екені нақты көрсетіліп, құқықтық теория тұрғысынан бұрынғы түсінбеушіліктер жойылды. Бұл өзгеріс «Күшті Президент – ықпалды Курултай – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына толық сай келеді.
Сондай-ақ, суверенитеттің тек билік көзі емес, халықтың өзіне тиесілі қасиет екені конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл – мемлекеттің емес, мемлекетті құрушы халықтың үстемдігін айқындайтын маңызды қағидат.
Адам құқықтары: кеңейтілген және заманауи көзқарас
1995 жылғы Конституция адам құқықтарын бекітуде өз кезеңі үшін прогрессивті болды. Алайда жаңа Конституция бұл институтты сапалық жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Өмір сүру құқығы абсолютті құқық ретінде бекітіліп, презумпция невиновности негізгі құқықтар қатарына енгізілді. Жеке өмірге қол сұқпаушылық цифрлық деректерді, банк құпиясын және электронды коммуникацияларды қамтитын кең ұғым ретінде қарастырылған.
Бұл – цифрландыру дәуіріндегі азаматты қорғауға бағытталған нақты жауап.
Отбасы, білім және экология: болашаққа инвестиция
Жаңа Конституцияда неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең одағы ретінде айқындалды. Бұл – дәстүрлі құндылықтарды құқықтық тұрғыда қорғау.
Білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипаты нақты бекітіліп, экологияны сақтау азаматтық міндет деңгейіне көтерілді. Мұндай нормалар 1995 жылғы Конституцияда болмаған немесе жалпылама түрде ғана қамтылған.
Институттық жаңару: тұрақтылық пен теңгерім
Курултайдың бір палаталы заң шығарушы орган ретінде құрылуы, Қазақстан Халық Кеңесінің енгізілуі, Вице-Президент институтының пайда болуы – билік тармақтары арасындағы жауапкершілік пен тепе-теңдікті күшейтеді.
Конституциялық Соттың мәртебесінің нығаюы, адвокатураның Конституцияда алғаш рет бекітілуі – құқықтық мемлекеттің нақты белгілері.
1995 жылғы Конституция Қазақстанды мемлекет ретінде қалыптастырды.
Ал жаңа Конституция – сол мемлекеттің кемелдену кезеңін айқындайды.
Бұл – өткенге құрметпен қарап, бүгінгі шындықты мойындап, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін қоғамның таңдауы. Жаңа Конституция Қазақстанды әділетті, құқық үстемдігі орнаған, адамға бағдарланған заманауи мемлекет ретінде нығайтуға толық негіз қалайды.
Енді бұл тарихи шешімге соңғы бағаны, Конституцияға сай, Қазақстан халқы жалпыұлттық референдумда береді.
Batyr Gum спорттық клубының директоры Аңсар Асамбаев





