Коалиция мүшелері Шелек политехникалық колледжі ұжымымен және студенттерімен кездесті
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Шелек ауылындағы политехникалық колледждің педагогикалық ұжымымен және студенттерімен кездесті. Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев қатысты.
Кездесу барысында 15 наурызға белгіленген республикалық референдумға ұсынылатын жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндірілді. Коалиция өкілдері жаңа Ата Заңның адамға бағдарланған сипаты, әділеттілік қағидаттарын нығайту, заң үстемдігін күшейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар билік тармақтарының теңгерімін арттыру, өкілді органдардың рөлін күшейту және қоғамдық диалог институттарын дамыту мәселелері талқыланды. Конституция жобасында азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормаларының бекітілуі де атап өтілді.
Ашық форматта өткен жиында колледж ұжымы мен студенттер өз сауалдарын қойып, пікір алмасты. Қатысушылар алдағы референдум ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды саяси шешім екенін атап өтті.
Айта кетейік, коалиция мүшелері өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып келеді.





