Қорам ауылында цифрлық құқықтар мәселесі талқыланды
Еңбекшіқазақ ауданындағы Қорам ауылының тұрғындарымен өткен кездесуде жаңа Конституция жобасындағы 21-бап нормаларына ерекше назар аударылды.
Коалиция мүшелері жеке өмірге қол сұғылмау, жеке және отбасы құпиясының қорғалуы, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан және пайдаланудан қорғау құқығы конституциялық деңгейде бекітілетінін түсіндірді.
«Бүгінде әр азаматтың деректері цифрлық ортада сақталады. Медициналық ақпарат, жеке сәйкестендіру деректері, банктік мәліметтер – мұның барлығы қорғалуы тиіс. Жаңа Конституция бұл құқықты нақты бекітіп отыр. Бұл – азаматтың жеке кеңістігіне қол сұқпаудың Негізгі заңмен кепілденуі», – деді коалиция мүшелері.
Кездесу барысында тұрғындар цифрлық қауіпсіздікке қатысты сұрақтар қойды.





