75 ЖЫЛ БІРГЕ ЖӘНЕ БІР ТАҢДАУ
Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылында тұратын Қали мен Бүбен Ысқақовтар бір шаңырақ астында 75 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп келеді. Өмірлеріндегі барлық маңызды шешімдерді олар әрқашан бірге – ақылдасып, келісіп, бірлікпен қабылдайды. Бүгін де ерлі-зайыптылар республикалық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауды ұйғарды.
Қали мен Бүбен Ысқақовтар өмірдің талай белесін бірге еңсерді. Қиындықтар мен сынақтарға қарамастан, олар бір-біріне деген адалдықтарын сақтап, терең махаббат пен құрметті жоғалтқан жоқ. Айта кетейік, қарияның жасы 95-ке келсе, жұбайы 92-де. Таңертең олардың үйіне дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшігі бар учаскелік комиссияның көшпелі тобы келді. Комиссия мүшелері құжаттарын тексеріп, бюллетеньдер беріп, жасырын дауыс беру үшін барлық жағдайды қамтамасыз етті.
— Қазақ мәдениетінде отбасы әрқашан ерекше орын алған. Ұлы дала көшпенділері үшін туған шаңырақ күш пен рухани мұраның қайнар көзі болды, ал туыстық байланыстар келешек ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарды. Біз жұбайым екеуміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтап келеміз. Біз үшін бұл – қасиетті борыш. Сол сияқты, еліміздің болашағын айқындайтын референдумға қатысу да – парызымыз.
Біз халықтың пікірі ескерілетін барлық маңызды оқиғаларға әрқашан белсенді қатысып келдік. Бүгін де біздің дауысымыз ортақ шешімнің бір бөлігі болады деп сенемін, – деп бөлісті Қали Ысқақов.
Айта кету керек, үйде дауыс беру денсаулығына немесе жасына байланысты сайлау учаскесіне келуі қиын азаматтар үшін ұйымдастырылады, бірақ олар ел үшін маңызды шараға жеке қатысуды қалайды. Комиссия мүшелерінің айтуынша, мұндай сәттер референдум күні ерекше есте қалады.
Ысқақовтар отбасының тарихы, олардың бір-біріне деген сыйластығы мен қамқорлығы – көпшілікке үлгі боларлық өнеге. Қали ата мен Бүбен апа бірге төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде оларды 14 немере, 15 шөбере, 3 шөпшек қоршап отыр. Балалары мен есейген немерелері өмірден өз орындарын тауып, еліміздің дамуы мен тұрақтылығына өз үлестерін қосып келеді.
P.S. Осы күні комиссия мүшелері ауданның көптеген қарт тұрғындарының үйлеріне барып дауыс беруді ұйымдастырды. Олар үшін дауыс беру – ел тағдырына өздерінің де үлесі бар екенін тағы бір сезінудің және жас ұрпаққа азаматтық жауапкершіліктің жасы болмайтынын еске салудың мүмкіндігі болды.





