«Қымызмұрындық – 2026»: Қарқарада ұлттық рухты ұлықтаған ұлы думан өтті
Алматы облысында «Қымызмұрындық – 2026» мәдени-көпшілік және спорттық шарасы өтті. Салтанатты шарада ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев дүбірлі думанның маңызына тоқталып, қонақтарға ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ меймандар «Қымызмұрындық» аясында ұйымдастырылған көрмені аралап көріп, ұлттық ойыннан сынға түскен спортшылардың өнерін тамашалады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізе отырып, Президентіміздің ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ата дәстүрімізді дәріптеуге арналған осындай тағылымды іс-шараларға ерекше мән беретінін айтты. Сонымен қатар Кеген ауданында өтіп жатқан «Қымызмұрындық» мерекесі ұрпақтар сабақтастығын нығайта түсетініне сенім білдірді.
«Қазақ даласындағы әр салт-дәстүрдің өзіндік тәрбиелік мән-маңызы, ұлттың ерекшелігін айқындап тұратын өзіндік биік бағасы бар. Аманат болып жеткен осы құндылықтарды сақтап, оларды заман талабына сай жаңғыртып, насихаттау – Президентіміз айтқандай – баршамызға ортақ міндет.
Бүгінде біз бабалар аманатына адал бола отырып, ұлттық мұрамызды заман талабына сай дамытып келеміз. Қымыз өндірісінде жаңа технологиялар енгізіліп, өнімді сақтау, өңдеу және нарыққа шығару мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықтың өзара сабақтастығының нақты көрінісі. Хантәңірінің көрікті етегі, Қарқараның тамашасы мен Мыңжылқының сұлу келбеті кімді де болса тамсандырмай қоймайтыны анық. Қымызмұрындық сияқты тағылымы мол мерекелер халқымыздың рухын асқақтатып, елдік сананы нығайтып, Қазақстанның мәдени келбетін әлемге таныта береді деп сенемін», – деді Мәлік Нұржанұлы.
Аймақ басшысы өз сөзінде халықтың қолдауымен қолға алынған игі бастамалардың ғұмыры қашанда ұзақ болатынын айтты.
«Кеген ауданының ғана емес, тұтас Алматы облысының рухани-мəдени келбетін айшықтайтын, өңірдің туристік тартымдылығына оң əсер ететін Қымызмұрындық фестивалі биыл республикалық маңызы бар мəдени іс-шаралар күнтізбесіне енді.
Қарқара – қазақ тарихындағы қастерлі мекендердің бірі. Осындай қасиетті өлкеде Қымызмұрындықтың дəстүрге айналуы да заңдылық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тарихты жаңаша зерделеуге ерекше мəн беріп келеді. Жақында өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі» атты халықаралық симпозиумда Президентіміз: «Біз – мемлекет ісінде «Мəңгілік Ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз», – деп атап өтті.
Расында, заң мен тəртіпке негізделген басқару мəдениеті, əділдік пен жауапкершілік қағидалары бүгінгі Тəуелсіз Қазақстанның құндылықтарымен сабақтасып, жаңа Конституциямызда өзінің заманауи жалғасын тауып отыр», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ Алматы облысы бүгінде табиғи байлығы мен тарихи мұрасын ұштастыра отырып, туризмді дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы өңірімізге 2,5 миллионнан астам турист келген. Бұл Алматы облысының табиғи əлеуеті мен тарихи-мəдени мұрасына деген қызығушылықтың тұрақты артып келе жатқанын көрсетеді. Көлсай мен Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы, Хантəңірі баурайы, Қарқара жайлауы – Алматы облысының ғана емес, Қазақстанның халықаралық деңгейде танылған туристік орындарына айналған.
«Біздің мақсат – туристер санын көбейту ғана емес, олардың туған жеріміздің табиғатын, тарихын жəне мəдениетін терең танып қайтуына жағдай жасау. Сондықтан біз экотуризмді дамытуға ерекше басымдық беріп келеміз. Табиғатты сақтау мен туризмді дамыту – бір-бірімен ұштасқан егіз ұғым. Бұл бағыт Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасымен толық үндеседі», – деді Марат Елеусізұлы.
Айта кетейік, «Қымызмұрындық» мерекесі Қарқара жайлауында биыл 5-рет өтті және қазақтың көреген абызы Əлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осыған орай абыз баба рухына Құран бағышталып, ас берілді. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен республикалық жарыстар ұйымдастырылып, спортшылардың шымырлығы мен төзімділігі сынға түсті.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.






