Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған халықаралық бәйгенің жеңімпаздары анықталды
Алматы облысының Жамбыл ауданында ұлттық ат спорты — бәйгеден халықаралық жарыс өтті. Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған дүбірлі додаға Қазақстанның әртүпкірі мен Қырғыз Республикасынан 150-ден астам шабандоз қатысты. Сонымен қатар бағдарлама аясында қазақ күресі, асық ату, ләңгі тебу, армрестлинг және гір көтеруден облыстық турнирлер ұйымдастырылды. Жалпы жарыстарда 300-ден астам қатысушы өздерінің күші мен шеберлігін сынады.
Мерекелік шара ұлы ақынның мерейтойына арналған жалпыхалықтық тойға ұласып, ұлттық дәстүр, спорттық шеберлік пен елдік рухты тоғыстырды. Ал «Көкбастау» ипподромы қазақтың ат спорты тарихы мен дәстүрі заманауи спорттық бәсекемен тоғысқан маңызды алаңға айналды.
«Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» ипподромы Алматы облысындағы ұлттық ат спорты дәстүрлері дамып келе жатқан айтулы алаңдардың бірі. Көп жылдан бері мұнда бәйге және басқа да жарыстар ұйымдастырылып келеді. Енді «Көкбастауда» жаңа кезең басталады. Мұнда заманауи спорттық-мәдени кешен құру мақсатында реконструкция жүргізу жоспарланып отыр. Жобада көрермендерге арналған трибуналар, ат қоралар, жаттығу алаңдары, спортшылар мен көрермендерге қажетті нысандар қарастырылған. Сонымен қатар қонақүй және туристік инфрақұрылымды дамыту көзделуде», — деді Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жансерік Адиахметов.
«Алматы облысында бәйге біртіндеп өңірдің спорттық өмірінің жарқын бағыттарының біріне айналып келеді. Соңғы жылдары аудандық және облыстық жарыстардан бастап, республикалық және халықаралық деңгейдегі бәсекелерге дейінгі тұтас жүйе қалыптасты. Бүгінде өңір атынан 20-ға жуық шабандоз еліміздегі және шетелдегі ірі бәйгелерге қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Сонымен қатар 30–40 маман күн сайын жылқыларды баптап, жаттықтырумен айналысып, шеберлік пен дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде. Соңғы екі жылда бәйгеден Қазақстан Республикасының екі спорт шебері және төрт спорт шеберлігіне кандидат даярланды. Олардың барлығы небәрі 12–14 жастағы жас спортшылар. Әсіресе Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы шабандоздардың жетістігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Нұрасыл Бекбатыр, Асылжан Төлеген және Ерсұлтан Жарқын аламан бәйгеде тұғырдың үш сатысын түгел иеленіп, әлемге өз есімдерін танытты. Олар шапшаңдық, батылдық пен нағыз ержүректіліктің үлгісін көрсетті», — деді «Бәйге» федерациясының Алматы облысы бойынша атқарушы директоры Елдар Жақыпбек.
Бүгінгі бәйгеде бабы мен бағы келіскен сәйгүліктер көрерменнің қошеметіне бөленді.
Құнан бәйгеде 11 шақырымдық қашықтықта бас жүлде — Changan X5 автокөлігін Балқаш ауданының өкілі Айсұлтан Саматұлы «Баққара» атты тұлпарымен жеңіп алды.
Жамбыл ауданының тәжірибелі шабандозы Ерсұлтан Жарқын «Еркежирен» тұлпарымен атты мәреге екінші болып келді. Ол жарыстың күміс жүлдесін және 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты иеленді.
Ерсұлтан үшін бұл — ірі бәйгелердегі кезекті жүлделі орын. Биыл Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ол 18 шақырымдық топ бәйгеде жеңімпаз атанып, 25 шақырымдық аламан бәйгеде қола жүлдеге ие болған еді.
«Бүгін «Еркежирен» өзін барынша жақсы қырынан көрсетті. Әрине, жеңіске жеткіміз келді, алайда екінші орын да жақсы нәтиже. Жаттықтырушыма және бізді қолдаған барша жанға алғыс айтамын», — деді Ерсұлтан Жарқын.
Қола жүлдені «Сұлуқасқа» атты тұлпарымен Сералы Әмір жеңіп алды. Оған 700 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Төртінші және бесінші орын иегерлеріне де ақшалай жүлделер берілді.
Топ бәйгеде 16 шақырымдық қашықтықта Балқаш ауданының өкілі Мерей Гарипуллин «Орда» атты тұлпарымен жеңіске жетті. Жеңімпазға басты жүлде — Hyundai Palisade автокөлігі табысталды.
Екінші орынды Қарасай ауданының өкілі Әділжан Асхатұлы «Секрет» атты атымен иеленіп, 1,5 млн теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды.
Үшінші орынға Алматы қаласының өкілі Ахмет Арнұр «Тобылғы торы» атты тұлпарымен тұрақтады. Ол үшінші орын үшін 1 млн теңге алды.
Төртінші орын иегеріне 700 мың теңге, бесінші орын иегеріне 500 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде берілді.
25 шақырымға созылған аламан бәйгеде Павлодар қаласының тұлпары бірінші келді. «Көксеректі» тақымдаған Ілесбек Дамир ас жүлдеге тігілген ROX автокөлігін ұтып алды.
Екінші орынды Жамбыл облысының өкілі Базырбек Алмасхан «Бақторы» атты атымен иеленді. Жүлдесі қоры 2 млн теңге.
Ал, Астана қаласының өкілі Мансур Әлижан «Кемеңгер» атты тұлпарымен үшінші болып келді.
Сондай-ақ аламан бәйгеде төртінші орыннан жетінші орынға дейінгі жүлдегерлерге де ақшалай сыйлықтар табысталды.






