«NIS RUN» марафоны 100 отбасын біріктірді!
NIS Алматы-Наурызбай мектебінде Отбасы күніне орай «NIS RUN» жүгіру марафоны өтті. Спорттық шараға 200-ден астам ата-ана, мұғалім және оқушы қатысып, салауатты өмір салтын қолдайтын ерекше көңіл күй қалыптастырды.
Қатысушылар 1, 3 және 5 шақырым қашықтықтарда бақ сынап, өздерінің төзімділігі мен шапшаңдығын көрсетті. Жас ерекшелігіне қарамастан, барлығын бір мақсат – бірге жүгіру, бірге уақыт өткізу және белсенді өмір салтын насихаттау біріктірді.
Мәре сызығын бағындырған үздік қатысушылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Алайда бұл марафондағы ең маңызды нәтижесі секундтар мен қашықтық емес, мектеп қауымдастығының бірлігі мен отбасылардың бірге өткізген жарқын сәттері болды.
Марафонның ерекше қатысушыларының бірі «Ұшқын» командасы болды. Бір отбасының 13 өкілі бір команда болып, жүгірушілер қатарынан табылды.
8-сынып оқушысы Сарсенбай Мадинаның отбасы мектептің бастамасын қолдап, марафонға ата-анасы, ата-әжесі, ағайындары мен әпкелері болып түгел қатысты.
– Марафон болатынын естіп, қызымыз Мадинаны қолдау үшін ата-анамыз, ата-әжеміз, ағайын-туысымыз болып жиналдық. Барлығымыз бірге қатысқанымызға қуаныштымыз. Шара өте ұнады. Отбасыларды біріктіретін осындай іс-шаралар өте қажет деп ойлаймыз,– деп бөлісті отағасы Артур Байқадамов.
«NIS RUN» жай ғана жүгіру марафоны емес, отбасы мен мектепті жақындастыратын, салауатты өмір салтын дәріптейтін және бірге әрекет етудің қуатын сезіндіретін тамаша бастама болды.






