«Жүректен жүрекке» – мейірім мен махаббат мерекесі
Іле ауданында облыстық инклюзивті фестиваль екінші рет ұйымдастырылды
Іле ауданының Өтеген батыр ауылындағы Мәдениет үйінде «Жүректен жүрекке» атты ашық облыстық инклюзивті фестиваль екінші рет өтті. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылығын қолдауға, олардың өнерін көпшілікке танытуға және қоғамда мейірімділік пен тең мүмкіндіктер құндылықтарын дәріптеуге арналған тағылымды шараға Алматы облысының түкпір-түкпірінен жас өнерпаздар қатысты.
Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Qazaq Community Development (Qazcomdev) қорының ұйымдастыруымен өткен фестивальді қор жетекшісі Марат Жапаров қолға алды.
Мерекелік концерт Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің әсерлі орындауымен ашылды. Ұлттық әуеннің әсем үні көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлап, фестивальдің мазмұнын аша түсті.
Салтанатты шарада Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов қатысушыларға құттықтау сөз арнады.
– Құрметті қонақтар, қадірлі қатысушылар, ардақты ата-аналар мен тәлімгерлер! «Жүректен жүрекке» фестивалі – мейірімділік пен жанашырлықты дәріптеп, жүректерге жылу сыйлайтын ерекше мереке. Алматы облысы әкімінің қолдауымен бүгін сахнаға талантты, өнерлі балалар шығып, өздерінің қабілеті мен шеберлігін көрсетуде. Әрбір баланың бойындағы талантты танып, оны қолдау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! Балалардың жүзінен күлкі, жүрегінен қуаныш кетпесін. Осындай ізгілікке толы мерекелеріміз көп болсын! – деді Асқар Садықов.
Фестиваль барысында жас өнерпаздар көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ділфұруза Умарбаеваның «Қазақстан туралы ән» композициясы туған жерге деген сүйіспеншілікті жеткізсе, Джафар Мохамад Тахирдің «Мама супермен» және Даяна Нұралының «Я есть» әндері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ «Алтын бала» би ұжымының өнері мен Марғұлан Секеннің жеке биі көрермендердің қошеметіне ие болды. Әрбір өнер көрсетілімінен балалардың талпынысы, еңбегі және сахнаға деген сүйіспеншілігі айқын байқалды. Фестиваль шынайы таланттың алдында кедергі жоқ екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Іс-шара аясында Мәдениет үйінің фойесінде қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда қолдан жасалған түрлі бұйымдар ұсынылды. Зейнеткер Нұрпану Тухамбаева ескі маталардан, джинсы қиықтарынан және атлас таспалардан сөмкелер, жастықтар мен шоперлер жасап, келушілердің назарын аударды. Ол пайдаланылған заттарға екінші өмір сыйлап, қолөнер бұйымдарын әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға қолжетімді бағамен ұсынатынын айтты.
Балаларға қолдау көрсетуге жергілікті кәсіпкерлер де үлес қосты. «Леовит» фитофармацевтикалық компаниясы жас қатысушыларға табиғи өнімдер мен пайдалы сыйлықтар табыстады. Компания директоры Елена Смирнова балалардың қуанышын бөлісу және олардың шығармашылығын қолдау маңызды екенін атап өтті.
Фестивальдің ең жарқын сәттерінің бірі Кейстон Дассиз Равелдің Майкл Джексонның би қимылдарына жасаған әсерлі пародиясы болды. Оның өнері көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Кейін ол көпшілікті ортақ би флешмобына шақырды. Сахнаға көтерілген балалар бірге билеп, мерекенің соңын шаттық пен көтеріңкі көңіл күйге бөледі.
Фестиваль Зейнеп Өтегелдінің «Жүректен жүрекке» композициясымен қорытындыланды. Шара соңында қатысушыларға дипломдар, естелік сыйлықтар мен ақшалай жүлделер табысталды.
Іле ауданында екінші рет ұйымдастырылған бұл фестиваль балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және әрбір баланың қабілетіне құрметпен қарауға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Осындай игі шаралар мейірімділік пен жанашырлықты нығайтып, әр баланың өз орнын табуына мүмкіндік береді.
Өйткені әр баланың күлкісі – ортақ қуаныш, ал жүректен шыққан мейірім жүрекке жетеді.







