«Таза Қазақстан»: Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойынан кейін ауқымды тазалық жұмысы жүргізілді
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған дүбірлі тойдан кейін «Көкбастау» атшабары аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Акцияға еріктілер, жастар мен мерейтойға жиналған көпшілік атсалысты. Нәтижесінде 10,65 гектар аумақтан 7 тоннаға жуық қоқыс шығарылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мерекелік шарада санитарлық тазалыққа ерекше мән берілді. Той барысында аумаққа 80 биодәретхана мен 150 қоқыс жәшігі орнатылды. Ал акцияға 500 адам қатысып, 3 қоқыс тасымалдаушы көлік пен тазалау және абаттандыру жұмысына қажетті қосымша техникалар жұмылдырылды.
Соның арқасында шара өткен аумақ тұрмыстық қалдықтан тазартылып, ретке келтірілді. Жиналған қоқыс арнайы техникаларға тиеліп, полигонға жөнелтілді.
Бұл жұмыстар алдағы күндері де жалғасын табады. «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес, туған жерге деген жауапкершілік пен жоғары мәдениеттің көрінісі.






