МӘМС жүйесіндегі жаңа өзгерістер азаматтарға қалай әсер етеді?

Онкологиялық ауруларды ерте анықтау — енді баршаға тегін. 2026 жылдан бастап онкоскрининг МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін қолжетімді болады. Бұл туралы еңбек ұжымымен кездесуде қордың облыстық филиалы өкілдері айтты. Кездесуде мамандар МӘМС заңына енгізілген өзгерістердің жөн-жобасын, қарапайым азаматтарға әсерін түсіндірді. Жаңашылдыққа сүйенсек, алда «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» енгізіледі. Оған сәйкес, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, жедел миокард инфаркті, инсульт сынды ауруларға күдік туғанда ем-дом тегін көрсетіледі. Бұл қатарға 8 әлеуметтік мәні бар дерт түрі кіріп отыр. Бұрын соңды мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге шалдыққандарға ұсынылатын.
«2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді. Аталған аурулар тізбесіне бауыр аурулары; қан мен қан түзуші ағзалар аурулары; жоғарғы асқорыту жолдарының аурулары; инфекциялық емес энтерит пен колит; артропатиялар, дорсопатиялар; қалқанша безі аурулары; қуық асты безінің гиперплазиясы; сүт безінің қатерсіз дисплазиясы; әйелдердің жыныс мүшелерінің қабынусыз аурулары; бронхөкпе дисплазиясы; жүректің туа біткен ақаулары; даму ақаулары жатады», - деді өз сөзінде филиал директорының орынбасары Жанар Кенжебаева
Бүгінде Алматы облысындағы медициналық мекемелерге 1 630 198 адам тіркелген. Оның ішінде МӘМС жүйесінде «Сақтандырылған» мәртебесі бар азаматтар саны 1 327 179 (81,5%) адамды құрайды. «Сақтандырылмаған» халықтың саны – 303 019 (18,5%). D санатындағы азаматтар - 68 507, ал Е санатындағылар 22 152 – ні құрайды. Жаңа заңда халықты МӘМС жүйесімен барынша қамтуға мүмкіндік беретін жаңа шаралар қабылданды. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады. Осы шаралардың нәтижесінде елімізде 2026 жылы шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ.
Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленетін болады. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамту мәселелерінде әкімдіктердің жауапкершілігін арттырады. Өңірлер жұмыс орындарын құруға, кедейлікті азайтуға және халықты жұмыспен қамту бойынша белсенді шаралар қабылдауға ынталы болады.
«Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі бірқатар негізгі жаңалықтарды көздейтін заң қабылданды. Халықты МӘМС жүйесімен барынша қамту және сақтандырылушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында заң жобасы жеңілдікті кезеңді ұзарту жөніндегі жаңа норманы көздейді. Енді бес жылдың ішінде өз бетінше және үзіліссіз жарна төлейтін азаматтар уақытша төлемдер болмаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұрын бұл мерзім небәрі үш ай болатын. Бұл әділ және маңызды шешім - бұл жүйеге тұрақты қатысатын және уақытша қиындықтарға тап болғандарды қолдайды», - дейді филиалдың бөлім басшысы Дина Амирбаева.
Кездесуде қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Қатарында әлеуметтік осал топтың жүйемен қамтылуы, жарналардың мөлшерінің артуы, медициналық көмек түрлері бар. Өз кезегінде мамандар тиісті жауаптарын беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ақпараттық шаралар бұдан бөлек, жұмысшы мамандықтары, мемлекеттік қызметшілер арасында да жүргізілді. Айта кетерлігі, 2025 жылы Алматы облысының денсаулық сақтау бюджеті 134,7 млрд теңге. Айтарлықтай қаржыландыру кардиохирургиялық операцияларға бағытталып отыр, - дейді мамандар. Мұнымен қоса, нейрохирургиялық, ЛОР операциялары, Тізе және жамбас буындарын ауыстыру оталары да халық арасында жоғары сұранысқа ие. Мұнымен қоса, жыл басынан МӘМС есебінен 1 млрд теңгеге жуық қаржыға жоғары технологияларды қолдану арқылы 158 операция жасалыпты.
ӘМСҚ КЕАҚ Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі.