AMANAT: Алматы облысында қысқы жол дайындығы сын көтермейді
Алматы облысында қысқы кезеңде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі кеңестің кезекті отырысында талқыланды. Кеңес өңірдегі қысқы жол дайындығына қоғамдық бақылауды күшейту және жауапты мекемелердің есебін тыңдау мақсатында ұйымдастырылды.
Жиында облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және Полиция департаменті өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетовтің айтуынша, биыл облыстық маңызы бар жолдарды қысқы уақытта күтіп-ұстауға 3,8 млрд теңге бөлінген. Бұл жұмыстарға 117 арнайы техника және 178 жұмысшы тартылған. 2 348 шақырым ішкі жолды күтіп-ұстауға 1,3 млрд теңге қарастырылған. Жол қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жедел кезекшілік құрылған.
Ал республикалық маңызы бар жолдарға жауапты «ҚазАвтоЖол» компаниясы теңгеріміндегі 1 668 шақырым жолға 373 қызметкер және 103 техника дайындаған. Қалған 13 техника істен шыққан.
«Қысқа қажет материалды алдын ала дайындап жатырмыз. Қазір 13 мың тонна техникалық тұздың 8 мың тоннасы дайын. Бұған қоса тағы 4 мың тонна тұз сатып алуға конкурс өткізіп, оны жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. Қиыршықтас пен елек те жоспардың шамамен үштен екісі көлемінде дайындалды. Ал уақытша жол белгілерінің бәрін толық дайындап қойдық», – деді «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Абзал Ақжолов.
Алайда облыстық Полиция департаменті жүргізген тексеріс бірқатар аудандар мен мердігер ұйымдардың қысқы маусымға талапқа сай дайындалмағанын анықтаған. Кей учаскелерде қоймалар жоқ, материал қоры жеткіліксіз, бірнеше техника істен шыққан.
Полицияның мәліметінше, қыс басталғалы алғашқы ауыр жол апаттары да тіркеле бастады. Соның бірі – 10 желтоқсанда «Алматы–Көкпек–Көктал–Қорғас» трассасының 93-ші шақырымында орын алып, бір адам қаза тауып, екі жолаушы жарақат алған.
«Біздің тексеріс көрсеткендей, республикалық маңызы бар 1 848 шақырым жолды қысқы кезеңде қауіпсіз ұстау үшін кемінде 111 құм-тұз себетін техника қажет. Ал қазір қолда бар 40 техниканың мұндай көлемді жолды толық қамтуға қауқары жоқ. Техника жетіспеген жерде жол уақытында тазаланбайды, ал бұл – апаттың көбеюіне тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан техниканы толықтырып, дайындықты күшейту бүгінгі күні өте маңызды», – деді полиция полковнигі Еркебұлан Ахметов.
Аудандарды қарастырғанда, әсіресе Райымбек ауданының мүлдем дайын емес екені белгілі болды. Ауданда инертті материал қоймалары жоқ, құм мен тұз дайындалмаған, арнайы техника жоқ. Жамбыл ауданында да жағдай оңбай тұр. 581 шақырым жолға небәрі 5 құм-тұз шашатын техника бөлінген, ал норма бойынша 30 техника қажет.
Жиын қорытындысында жауапты мекемелерге жедел түрде тиісті шараларды қабылдау тапсырылды. Оның ішінде істен шыққан техниканы қалпына келтіру, жаңа техниканы сатып алу, қоймалар салу, тұз-құм қорын толықтыру және жол ұзындығына сай нормативтік техникамен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкіміне ұсынылатын болды.
Кеңес төрағасы Махаббат Бигелдиев жол қауіпсіздігі – облыс халқы үшін аса маңызды бағыт екенін айтып, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды талап етті. Ол «AMANAT» партиясы бұл жұмыстың орындалуын тұрақты қоғамдық бақылауда ұстайтынын атап өтті.





