Тұрар ауылында референдум қарсаңында мазмұнды кездесу өтті
Республикалық референдум қарсаңында Тұрар ауылында, А. Байсалбаев атындағы орта мектептің акт залында Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындары мен жалпыұлттық коалиция мүшелері – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Кузиевтің қатысуымен кездесу өтті.
Жиынды AMANAT партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов ашып, жүргізді. Басқосуға сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Бауыржан Айнабеков те қатысып, жиынның маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында Жанболат Әкебаевич еліміздің барлық өңірінде осындай мазмұнды жүздесулер ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, басты мақсат – азаматтарға жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру, ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір қазақстандықты алдағы республикалық референдумға қатысып, белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақыру.
Спикер өз сөзінде жаңа Конституция қабылдау қажеттілігі бұрынғы Ата заңға 85 пайыз өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде айқын сезілгенін атап өтті. Ол 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған қолданыстағы Конституцияның тарихи рөліне ерекше тоқталып, тәуелсіз Қазақстанның осы Негізгі заңға сүйене отырып қалыптасып, дамығанын айтты. Сонымен қатар, уақыт талабына сай жаңа сын-қатерлерге жауап беретін, қоғам сұранысына сәйкес келетін жаңа құжат қабылдау қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді.
Жиында Облыстық заң консультанттары палатасының төрағасы Мұхтар Байқұлов жаңа Конституция жобасының негізгі ерекшеліктерін түсіндірді. Оның айтуынша, жаңа құжатта басты байлық ретінде жер мен оның қойнауындағы ресурстар емес, адам капиталы танылады. Яғни, адам және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалмақ.
Сондай-ақ жоба ашық талқылаудан өтіп, әрбір қазақстандық өз ұсынысын енгізуге мүмкіндік алғаны атап өтілді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция – шын мәнінде халықтың қатысуымен әзірленген, ел болашағына бағытталған маңызды құжат.
Кездесу барысында тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Еркін форматта өткен жиын өзара пікір алмасуға, қоғам үшін маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.





