Еңбек нарығындағы серпін: нақты нәтиже, жүйелі жұмыс
Алматы облысында халықты жұмыспен қамтып кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар өңірдің еңбек мобильділігі орталығы мекемесінің тікелей міндеті. 2025 жылы облыста 70 876 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 56 978 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 13 898 азамат уақытша еңбек ету мүмкіндігіне ие болды. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін сақтауға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге нақты ықпал етті.
Алматы облысының “Еңбек мобильділігі орталығының” басшысы - Абылай Зуайда:
Жұмыспен қамту мәселесінде бізде 6 басты бағдарлама бар. Осы арқылы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тартамыз. Бұл бағыттарда жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылы Республикалық 3 шара өтіп, бос жұмыс орындары жәрменкесі ұйымдастырылды. Мұндай шаралар ағымдағы жылы да жалғасын табатын болады. Бұдан бөлек, халықтың әл ауқатын жақсарту мақсатында мемлекеттік жоба қайтарымсыз гарнт та іске қосылған, - дейді орталық басшысы.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында да оң динамика байқалады. Өткен жылы 400 АЕК көлемінде 260 грант берілді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 707 адам жолданып, оның 637-сі оқуын сәтті аяқтады. Нәтижесінде 504 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Биыл облыс бойынша 950 грант беру жоспарланып отыр. Бұл – өз кәсібін бастауға ниетті азаматтар санының артқанын көрсетеді. Мемлекеттік қолдаудың нақты жемісін көріп отырғандардың бірі – Алатау қаласының тұрғыны Гүльсина Онгарбаева. Ол қайтарымсыз грант арқылы логопед-дефектолог кабинетін ашып, бір адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Кәсіпкер алдағы уақытта қызмет аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Гүльсина Онгарбаева - жеке кәсіпкер:
Мен Бастау бизнес арқылы мемлекеттік грантқа өтініш бердім. Өзім көп балалы анамын. Сол санат бойынша 400 АЕК көлемінде грант алып, кәсібіме қажетті жабдықтар алдым. Алғашында 5 адамды жұмыспен қамтығанмын. Қазір 1 адам жұмыс істейді. Болашақта тағы да грант алып, жұмысқа адамдар алсам деймін.
Сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындары бойынша жоспар 98,8 пайызға орындалды. Қоғамдық жұмыстар көрсеткіші 104 пайызға жетті. Жастар практикасына 918 жас маман қатысып, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы 570 азамат еңбек жолын бастады. «Күміс жас» жобасы аясында 1 517 адам жұмыспен қамтылды. Бұл – зейнет жасына жақындаған азаматтарды қайта еңбекке тартудағы маңызды тетік. Бүгінде жастар практикасы арқылы жұмысқа орналасқан жанның бірі Аружан Рахымкулова. Жас маманнан бас маманға дейін көтерілді. Қазіргі таңла дәл осы орталықтың бас бухгалтері қызметін атқарады. Оның айтуынша, жоба жас мамандарға тәжірибе жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасуға жол ашады.
Алматы облысының "Еңбек мобильділігі орталығының" бас есепшісі - Аружан Рахымкулова
Бұл салаға келуім 2023 жылы жоғары оқу орнын аяқтап, тәжірибесіз жастар практикасы арқылы жұмысқа орналастым. Тәжірибе жинап, кейін тұрақты жұмысқа кірдім. Бұл жоба тәжірибесі жоқ жастар үшін үлкен мүмкіндік деп білемін.
2025 жылы 51 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 657 жұмыс беруші 2 649 бос орынды ұсынды. Жәрмеңкелерге 3 035 азамат қатысып, 367 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жалпы Алматы облысында жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Нақты көрсеткіштер – қабылданған шешімдердің нәтижелі екенін аңғартады. Ең бастысы – мемлекеттік қолдау әрбір азаматтың өміріне нақты өзгеріс әкеліп, өңір экономикасының дамуына серпін беруде.
Камилла Каиржанова, Алматы облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз хатшысы.





