Коалиция мүшелері Қайрат орта мектебінің ұжымымен кездесті
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Қайрат ауылындағы Қайрат орта мектебінің педагогикалық ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында 15 наурызда өтетін республикалық референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары кеңінен талқыланды.
Жиында коалиция мүшелері жаңа редакциядағы Конституцияда Президенттің бір реттік жеті жылдық мерзімге сайланатыны және қайта сайлану құқығына ие болмайтыны туралы атап өтті. Сонымен қатар Президент өз өкілеттігі кезінде саяси партия мүшесі бола алмайтыны, ал жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметтерді атқара алмауы биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейтін маңызды құқықтық тосқауыл екені түсіндірілді.
Кездесу барысында коалиция мүшесі Абитов Ерік жаңа Конституция жобасының негізгі мақсаты билікті жеке тұлғаға тәуелді етпей, институционалдық тұрғыдан шектеу екенін атап өтті. Оның айтуынша, бір реттік жеті жылдық мерзім өзгертілмейтін қағида ретінде бекітіліп, елдегі саяси тұрақтылық пен әділетті басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Сондай-ақ жаңа құжатта кадрлық шешімдерді Құрылтай келісімімен қабылдау тетігі қарастырылып отырғаны айтылды. Бұл – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікті нығайтатын маңызды қадам.
Кездесу соңында мектеп ұжымы алдағы референдумның ел болашағы үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтіп, қоғам үшін маңызды саяси өзгерістерге бейжай қарамау керектігін жеткізді.





