ІЛЕ АУДАНЫНДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТТАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МЕН ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Іле ауданында халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ел намысын абыроймен қорғаған жас спортшылармен кездесу өтті.
Салтанатты жиынға әлемдік додалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, олардың жаттықтырушылары және демеушілер қатысты.
Биыл Жапонияда өткен Азия ойындарында жерлесіміз Жібек Құлымбетова джиу-джитсудан қола жүлдеге ие болды.
Ал Грекияда жасөспірімдер арасында өткен самбодан әлем чемпионатында Айғаным Асылан алтын медаль жеңіп алып, әлем чемпионы атанды. Аталған додада Қарақат Рахыбай мен Азамат Байзаков күміс жүлдеге, Мерей Дәулетқан қола жүлдеге қол жеткізді.
Сондай-ақ Ахмет Байбек дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып, аралас командалық сайыста чемпиондық атақты иеленді.
Кездесу барысында жас спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктері жоғары бағаланып, олардың жеңіске жету жолындағы табандылығы мен қажырлы еңбегі ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар, спортшыларды биік белестерге жетелеген жаттықтырушылардың кәсіби шеберлігі мен еңбегіне алғыс білдірілді.
Жиын аясында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді, сондай-ақ олардың бапкерлерін марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Демеушілер мен жаттықтырушылар сөз сөйлеп, жас спортшыларға ізгі тілектерін жеткізді.
«Сіздердің жетістіктеріңіз – еліміз үшін зор мақтаныш, ауданымыз үшін үлкен мәртебе. Бұл – қажырлы еңбектің, қайсар мінез бен жеңіске деген жігердің нәтижесі. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, көк Туымызды халықаралық ареналарда желбірете берулеріңізге тілектеспіз», – деп атап өтілді кездесуде.
Іле ауданының жас спортшыларының халықаралық деңгейдегі жетістіктері – өскелең ұрпаққа үлгі әрі аудан спортының дамуының жарқын көрсеткіші.
Іле ауданы әкімінің баспасөз қызметі






