«Jol Tap» жобасы аясында Бірлік ауылында танымдық экскурсия ұйымдастырылды
2026 жылғы 14 қазанда Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бірлік ауылында Балқаш аудандық Жастар ресурстық орталығының «Jol Tap» жобасы аясында жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы Ахын Жандаулеттің ұйымдастыруымен ауыл жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасақшыларына арналған танымдық экскурсия өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек үдерісімен таныстыру, олардың еңбекке деген қызығушылығын арттыру, кәсіби бағдар беру және болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға ықпал ету.
Экскурсия барысында жастар «Бірлік Агрофирмасы» ЖШС-нің орталық қырманына барып, күзгі егін жинау науқанының барысымен танысты. Қатысушылар егістіктен жиналған күріш дәнін тазалау жұмыстарының қалай жүргізілетінін көріп, ауыл шаруашылығындағы өндірістік үдерістер туралы мағлұмат алды.
Бұдан кейін жастар күріш зауытына барып, күрішті ақтау және өңдеу кезеңдерімен танысты. Кәсіпорындағы жұмыс барысын көзбен көріп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тұтынушыға жеткенге дейінгі өңдеу кезеңдері туралы түсініктерін кеңейтті.
Мұндай танымдық кездесулердің жастар үшін маңызы зор. Өйткені ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Ал осы саладағы еңбекпен танысу жас ұрпақтың еңбек адамдарына деген құрметін арттырып, ауылдың дамуына үлес қосуға деген ынтасын қалыптастырады.
«Jol Tap» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл экскурсия жастарға теориялық ақпаратпен ғана шектелмей, нақты өндіріс орнындағы жұмыс барысын көруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар жас буынның кәсіптік бағдарын айқындауға және еңбек нарығы туралы түсінігін қалыптастыруға ықпал етті.
Жастарды еңбекке баулу, олардың кәсіби дамуына қолдау көрсету және ауылдағы мүмкіндіктерді таныстыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Ахын Жандаулет,
Балқаш ауданындағы Бірлік ауылының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы.






