Сегіз қырлы, бір сырлы
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі – ел тыныштығы мен тұтастығын күзететін маңызды құрылым. Осы жауапты салада қызмет атқара жүріп, өз ісіне адалдықпен қатар, өнері арқылы да елге үлгі болып жүрген азаматтардың бірі – сержант Дарын Мырзагулов.
Дарын Жанатұлы 2009 жылдан бастап ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қызметтік кинология басқармасында. Қызмет барысында ол тек кәсіби міндеттерін мінсіз орындап қана қоймай, басқарманың имиджін көтеруге зор үлес қосты.
Әсіресе, оның өнерге деген сүйіспеншілігі мен патриоттық рухтағы әндері көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Ол түрлі мәдени іс-шаралар мен байқауларға белсенді қатысып, жоғары жетістіктерге жетті.
Атап айтқанда, 2010 жылы Іле ауданында өткен патриоттық әндер байқауында «Әскери адам» және «Шапырашты Наурызбай» әндерін орындап, І орынды иеленді. Ал 2020 жылы Астана қаласында өткен «Шекара дауысы» фестивалінде батыр бабамыз Бауыржан Момышұлына арналған «Бауыржан» әнін орындап, жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Бүгінде зейнеткерлік жасқа жетсе де, жүрегі «Отаным» деп соққан ер азамат қызметтен қол үзген жоқ. Ол қазіргі таңда да Қызметтік кинология басқармасында еңбек етіп, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Дарын Жанатұлы – тек әскери қызметші ғана емес, ол – өнер арқылы елін, жерін сүйетінін дәлелдеп жүрген нағыз патриот. Оның әрбір ісі мен еңбегі – Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.
Осындай азаматтардың арқасында еліміздің қорғанысы ғана емес, руханияты да нығая түсуде. Сержант Дарын Мырзагулов – елге қызмет етудің шынайы үлгісін көрсетіп келе жатқан сегіз қырлы, бір сырлы азамат, жас ұрпаққа өнеге болар тұлға.
Ляззат Мақытбекқызы,
ҚР ҰҚК ШҚ Қызметтік кинология басқармасы, бөлімнің аға офицері, майор.





