Пятница, 09 Октября 2026

Алматы облысындағы онкологиялық қызмет: ерте диагностикаға басымдық берілуде

Алматы облысындағы онкологиялық қызмет: ерте диагностикаға басымдық берілуде

Алматы облысында онкологиялық ауруларды ерте анықтау, заманауи диагностикалық әдістерді енгізу және пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. 
Қазіргі таңда өңірде жатыр мойны, сүт безі және тоқ ішек обырын ерте анықтауға бағытталған үш негізгі скрининг түрі жүзеге асырылады. Скринингтер тегін жүргізіледі, қажет болған жағдайда пациенттер тереңдетілген диагностикадан және морфологиялық зерттеуден өтеді.
Алматы облыстық көпсалалы клиникасының онколог-маммолог, хирург дәрігері Даулет Айдаровтың айтуынша, онкологиялық ауруларды ерте анықтау ем нәтижесіне тікелей әсер етеді.
«7 айдың қорытындысы бойынша Алматы облысында онкологиялық скринингтермен 178 464 адам қамтылды. Оның ішінде жатыр мойны обыры бойынша 46 820 әйел, сүт безі обыры бойынша 59 724 әйел, ал тоқ ішек обыры бойынша 71 920 ер және әйел тексерілді. Скрининг нәтижесінде жатыр мойны обырының 20, сүт безі обырының 64 және колоректальды обырдың 13 жағдайы анықталды», – деді Даулет Айдаров.
Мамандардың айтуынша, скрининг барысында қатерлі ісіктермен қатар обыралды патологиялар мен басқа да созылмалы аурулар анықталып, пациенттер әрі қарай ем алуға және динамикалық бақылауға жіберіледі.
Ал онколог-гинеколог дәрігер Қарлығаш Тажибаева онкогинекологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде заманауи технологиялардың маңызына тоқталды.
«Қазіргі таңда онкогинекологияда диагностика мен емдеудің заманауи әдістері кеңінен қолданылуда. Лапароскопиялық хирургия, гистероскопия, ICG технологиясы арқылы лимфа түйіндерін картографиялау және молекулалық диагностика пациентке жеке емдеу тактикасын таңдауға мүмкіндік береді. Әсіресе эндометрий обырында молекулалық ерекшеліктерді анықтау емнің тиімділігін арттыруға жол ашады», – деді Қарлығаш Тажибаева.
Клиника базасында онкология, онкогинекология, урология және маммология бағыттары бойынша мамандардың практикалық дағдыларын жетілдіруге де көңіл бөлінуде. Клиникалық жағдайларды талдау және заманауи емдеу тәсілдерін меңгеру арқылы медициналық кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізіледі.
Алдағы кезеңде онкологиялық ауруларды ерте анықтауды күшейту, молекулалық диагностиканы кеңейту, аз инвазивті хирургияны дамыту және заманауи дәрілік емдеу әдістерін енгізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар өкпе обыры бойынша скринингті енгізу көзделуде. Бұл бағыттың маңызы зор, өйткені өкпе обыры онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім құрылымында жетекші орындардың бірін алады.
Мамандардың ортақ пікірі бойынша, онкологиялық аурумен күрестің ең тиімді жолдарының бірі – оның алдын алу және ерте анықтау. Осыған байланысты тұрғындардың скринингтік тексерулерден уақытылы өтуі ауруды бастапқы кезеңде анықтап, дер кезінде ем қабылдауға мүмкіндік береді.

Другие новости

Ранняя диагностика - шанс на жизнь

Ранняя диагностика - шанс на жизнь

Сақанова Аружан Жеңісбекқызы получила медицинское...

  08.10.2026   221
Психиатрия в медицине: услышать человека вовремя

Психиатрия в медицине: услышать человека вовремя

В современном мире забота о психическом здоровье с...

  07.10.2026   195
Когда профессия становится судьбой

Когда профессия становится судьбой

Акушерка родильного отделения Городской многопрофи...

  06.10.2026   201
Алматы облысында 103 қызметіне 403 мыңнан аса қоңырау түскен

Алматы облысында 103 қызметіне 403 мыңнан аса қоңырау түскен

Алматы облысында тұрғындарға шұғыл әрі сапалы меди...

  06.10.2026   191
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.