ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНЫҢ МАЗМҰНЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Алатау қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты өңірлік коалиция өкілдері білім саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Алатау қаласы Заречный ықшам ауданында өткен басқосуға коалиция мүшелері Роза Абилова, Талғат Мақаш және Жанар Бимұратова қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын таныстырып, ұсынылған өзгерістердің бағыт-бағдарын түсіндіру.
Коалиция өкілі Роза Абилова Конституциялық реформалардың негізгі басымдықтарына тоқталды.
«Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нақтылау көзделіп отыр», – деді ол.
Өз кезегінде Самат Тулеуханович Парламенттің рөлін арттыру және жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту мәселесіне назар аударды.
«Жоба аясында Парламенттің ықпалын күшейту, өңірлердегі өзін-өзі басқару құрылымдарының мүмкіндіктерін кеңейту қарастырылған. Бұл – шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысуын арттыруға бағытталған қадамдардың бірі», – деді спикер.
Дәурен Сейтжанов адам құқықтарын қорғау тетіктеріне қатысты өзгерістерге тоқталды.
«Ұсынылған түзетулер ұзақ мерзімді даму стратегияларын іске асыруға құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Бұл өзгерістердің тиімділігі қоғамның белсенді талқылауына да байланысты», – деп атап өтті.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Білім саласының қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Олар жаңа Конституция жобасының мазмұнын жан-жақты түсіну және қоғамдық талқылауға қатысу азаматтық жауапкершіліктің маңызды бөлігі екеніне назар аударды.
Өңірлік коалицияның баспасөз қызметі.





