Алматы облысы әкімі М.Е. Сұлтанғазиев «ДАМУ» индустриялық-логистикалық орталығының ұжымымен кездесті
Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев «ДАМУ» индустриялық-логистикалық орталығының еңбек ұжымымен «Әділетті заң – тұрақты мемлекет негізі» тақырыбында кездесу өткізді.
Кездесу барысында заң үстемдігі, әділетті қоғам қалыптастыру және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды. Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты еліміздің тұрақты дамуының негізгі бағыты екенін атап өтті.
Әкім әділетті заң үстемдік құрған жерде кәсіпкерлік еркін дамып, инвестициялық ахуал жақсарып, қоғамда сенім мен тұрақтылық нығаятынын жеткізді.
«ДАМУ» индустриялық-логистикалық орталығы – Орталық Азия өңіріндегі бірегей жоба, еліміздегі алғашқы жеке индустриялық-логистикалық аймақтардың бірі. Бүгінде орталықта 300-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өзекті сұрақтарына жауап берілді.
Сонымен қатар, биыл 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумның маңызы атап өтілді. Облыс басшысы әрбір азаматтың дауысы ел болашағы үшін маңызды екенін айтып, тұрғындарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, заң үстемдігін нығайту және демократиялық құндылықтарды дамыту мәселелері бойынша ортақ пікір алмасумен қорытындыланды.





