Пятница, 28 Августа 2026

Кеген ауданында жалпы құны 201,7 млрд теңге болатын 50 инвестициялық жоба іске асырылуда

Кеген ауданында жалпы құны 201,7 млрд теңге болатын 50 инвестициялық жоба іске асырылуда

Алматы облысының Кеген ауданында 2025–2029 жылдары жалпы құны 201,7 млрд теңгені құрайтын 50 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл туралы Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Кеген ауданы тұрғындарына есеп беру жиынында айтылды. Халықпен кездесуде аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы есеп берді. Сондай-ақ алдағы жоспарлар баяндалып, ауданның өзекті мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда Кеген ауданында 16,5 млрд теңгеге 7 инвестициялық жоба іске асырылуда. Аталған жобалар аясында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Мәселен, «Алматы – Кеген» тасжолының бойында заманауи кешен салынуда. Онда жолаушылар тынығатын қонақүй, тамақтану орны, электр көліктерін қуаттау бекеті, дүкен және жанар-жағармай құю станциясы болады. Жоба құны – 2,8 млрд теңге. Кешен толық іске қосылғанда 100 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі уақытта құрылыс 80 пайызға дайын, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Одан бөлек ауданда жеке инвестор өз қаражатына “Көлсай көлдеріне” келушілер үшін автотұрақ салып жатып. Бүгінде құрылыс алаңын тегістеу жұмыстары аяқталған. Бұдан бөлек ауданда бірнеше шағын су электр станциясының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта инженерлер дамба салынатын аумақты дайындап жатып. Инвестициялық жобаның жалпы құны – 5 млрд теңге.

Кеген ауданы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Осыған орай биыл облыстық бюджеттен ветеринария саласына 213,6 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға Жалаулы және Саты ауылдарында мал қорымы, сондай-ақ Шырғанақ, Бөлексаз, Жылысай және Тұйық ауылдарында модульдік ветеринариялық пункттер салынады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы өндірісті ілгерілету үшін де ілкімді істер қолға алынған. Мысалы, Кеген ауылында жылына 2 мың тоннаға дейін биязы жүнді терең өңдеп, дайын өнім шығаратын зауыт салынуда. Одан бөлек тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр.

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін жер телімдеріе тиімді пайдалану керек. Осы ретте биыл ауданда 2 046 гектар жер конкурс негізінде 92 азаматқа үлестірілді.

Бүгінде туризм саласы Кеген ауданы тұрғындарының тыныс-тіршілігіне жаңа леп беріп отыр. Аудан халқы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, елдің әл-ауқаты жақсарып келеді. Одан бөлек бұл бағытта жасалып жатқан ауқымды инвестициялық жобалар да бар. Мәселен, Қара шатқалда туристік аймақ құру жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін 200 млн теңге инвестиция салынып, тамақтану орны, фотоалаң, әткеншек және шатқалды тамашалауға арналған арнайы аймақтар ашылды. Жобаның жалпы құны – 1 млрд теңге.

Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағыты бойынша Ереуіл ауылының ауызсу жүйесін жөндеу жұмысы аяқталды.
Одан бөлек Тұйық, Қарабұлақ, А. Нүсіпбеков ауылдарындағы, Орта Меркі және Шет Меркі жайлауларына электр желілерін тартуға 300 млн теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта электр бағаналарын орнату жұмысы жүргізілуде.

Білім беру саласында Қарқара орта мектебінің күрделі жөндеуі аяқталуға жақын. Алғабас ауылында «Ұлағатты ұрпақ» қорының қолдауымен 50 балаға арналған бастауыш мектептің іргетасы қаланды.

«Денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қарабұлақ, Жылысай, Жаңаталап, Талды, Жайдақбұлақ және Күрметі елдімекендерінде медициналық нысандардың құрылысы толық аяқталып, қолданысқа берілді.

Алматы облысының әкімі жиында облыста атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды халыққа баяндады. Оның ішінде Кеген ауданындағы бастамалар мен алдағы міндеттерге ерекше тоқталды. Айтуынша, Кеген ауданына жыл басынан бері 8,1 млрд теңге инвестиция тартылған.

Өз сөзінде аймақ басшысы аудандағы өнеркәсіп саласын дамытуға баса назар аудару керегін жеткізді. Себебі Кеген ауданының өнеркәсіп өнімінің көлемі облыстағы көрсеткіштің небәрі 0,7%-ын құрайды.

«Аудан халқы негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар өнеркәсіпті дамытуға да әлеуеті жеткілікті. Осыған байланысты аудан әкімдігіне жаңа инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісін жолға қою маңызды.
Сонымен қатар өндірістік инфрақұрылымды дамыту, қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз ету, кәсіби кадрлар даярлау және заманауи технологияларды енгізу арқылы ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттыру қажет», – деді аймақ басшысы.

Марат Елеусізұлының сөзінше, соңғы төрт жылда облыста суару желілерін жаңартуға 16,3 млрд теңге бөлінсе, оның 5,2 млрд теңгесі Кеген ауданына тиесілі. Бұл жобалар ауданда 8,9 мың гектар суармалы жерді экономикалық айналымға қосуға мүмкіндік береді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аудан халқына 17, «Кеңдала» бағдарламасы бойынша 3 несие берілген. Аймақ басшысы бұл жеткіліксіз көрсеткіш екенін айтты. Сондықтан аудан әкіміне түсіндіру жұмысын күшейтіп, жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктерін барынша пайдалануды тапсырды. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 20 маманға бюджеттік несиені жыл соңына дейін беру жоспарланып отыр. Одан бөлек биыл 2,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтар мен жергілікті атқарушы органдардың кезекте тұрған азаматтарына 150 пәтер қарастырылған.

Биыл Қайыңды көліне апаратын жолдың
10 шақырымына асфальт төселіп, күрделі жөндеу жұмысы аяқталды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар «Кеген-Нарынқол», «Көкпек – Кеген – Түп», «Жалағаш – Саты – Көлсай көлі» автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар биыл толық аяқталады.

Кездесу барысында тұрғындар өз сауалдарын қойып, оларға тұщымды жауап берілді. Мысалы, жергілікті тұрғын Ақсай суармалы каналының 1986 жылдан бері жөндеу көрмегенін айтты. Аудан халқы бұл канал арқылы 30 мың гектар суармалы жерді игеріп отырғанын, сондай-ақ жем-шөп қорын ұлғайтуда аталған каналдың маңызы зор екенін жеткізді.

Жауапты мамандардың сөзінше, бұл жоба бойынша мердігер анықталып, құрылыс жұмысы басталған. Ол үшін биыл 500 миллион теңге қаржы қарастырылған. Марат Елеусізұлы Ақсай каналын жөндеуге республикалық бюджеттен қолдау бар екенін, қаражат бөлінсе жұмыс та тез аяқталатынын айтты.

Ұзынбұлақ ауылының тұрғыны елдімекендегі ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілсе деген өтінішін айтты. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы күрделі жөндеу жобасы өте үлкен қаржыны қажет ететінін, ал жергілікті жерге тіркелген тұрғындар санының аз екенін ескерсек, бұл тиімсіз бастама болатынын түсіндірді. Оның орнына жаңа ғимарат салу дұрыс шешім болмақ. Марат Елеусізұлы күрделі жөндеудің бағасы мен тиімділігін қайта сараптап көруді тапсырды. Егер жоба тиімді болса, жөндеуге кірісетінін, болмаса блокты-модульді кешен салу мәселесі қарастырылатынын жеткізді.

Другие новости

В Кегенском районе построят две малые гидроэлектростанции

В Кегенском районе построят две малые гидроэлектростанции

Аким Алматинской области Марат Султангазиев посети...

  28.08.2026   19
Кеген ауданында екі су электр станциясы салынады

Кеген ауданында екі су электр станциясы салынады

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ау...

  28.08.2026   24
Кеген ауданында жалпы құны 201,7 млрд теңге болатын 50 инвестициялық жоба іске асырылуда

Кеген ауданында жалпы құны 201,7 млрд теңге болатын 50 инвестициялық жоба іске асырылуда

Алматы облысының Кеген ауданында 2025–2029 жылдары...

  28.08.2026   47
В Кегенском районе реализуется 50 инвестиционных проектов общей стоимостью 201,7 млрд тенге

В Кегенском районе реализуется 50 инвестиционных проектов общей стоимостью 201,7 млрд тенге

В Кегенском районе Алматинской области в 2025 - 20...

  28.08.2026   48
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.