Республика күні: Қонаевта Абай көшесін күрделі жөндеу басталды
Қонаев қаласында Республика күні қарсаңында Абай көшесін күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Құрылыс қаланың Кешенді даму жоспары аясында жүзеге асырылуда. Абай көшесі – қаланың негізгі көлік артерияларының бірі. Сондықтан оны жаңғырту жол қозғалысын жақсартуға және көше инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Ұлттық жоба аясында Абай көшесінің Қойшыманов және Жамбыл көшелерімен қиылысына дейінгі учаскесінде жылу желілері жаңартылған болатын. Жолды күрделі жөндеу жұмыстары инженерлік желілерді жаңғырту кезеңі аяқталғаннан кейін басталды.
Жоба аясында 2,5 шақырым жол жаңартылады. Республика күні қарсаңында оның алғашқы 600 метрінде құрылыс жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта мұнда 8 техника мен 15 адам жұмыс істеп жатыр.
«Жаңғырту жобасы келесі жылға өтпелі. Құрылыс 2027 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде», — деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиев.
Жобаға сәйкес, жолдың ені 14 метрге дейін кеңейтіліп, қозғалыс жолақтарының саны екіден төртке дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар кеңейтіліп, арық жүйесі мен велосипед жолы салынады. Көше бойы абаттандырылады.
Айта кетейік, биыл Қонаевта Әуезов көшесін күрделі жөндеу басталды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының шамамен 40 пайызы орындалған.







