Вторник, 06 Октября 2026

Қонаев елдің үздік маунтинбайкерлерін қабылдауда

Қонаев елдің үздік маунтинбайкерлерін қабылдауда

Қонаев қаласында маунтинбайктен кросс-кантри көпкүндік жарысы — XCS дисциплинасы бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Елдің әр өңірінен 150-ден астам спортшы жарыс жолына шықты. Жарыс үш жас санаты бойынша өтуде: 19 жастан жоғары ерлер мен әйелдер, 17–19 жастағы юниорлар мен юниоркалар, сондай-ақ 13–16 жастағы жасөспірімдер мен қыздар.

Бір аптаға созылатын бәсекеде қатысушылар өз мүмкіндіктерін бірден бірнеше жарыс форматында сынайды. Спортшылар жылдамдық, төзімділік, техникалық шеберлік және күрделі жер бедерінен сенімді өту қабілеті бойынша сынға түседі. Велошабандоздар чемпиондық жүлделер үшін түрлі трассалар мен қашықтықтарда бақ сынайды. Бағдарламада ХСТ — уақытқа жарысу, XCR — тауға топтық көтерілу жарысы, ХСС — қысқа қашықтықтағы кросс-кантри (шорт-трек) және ХСО — олимпиялық кросс-кантри жарыстары бар.

«Жас велошабандоздар үшін мұндай жарыстардың болашақ тұрғысынан маңызы зор. Республикалық деңгейдегі жарыстарда көрсетілген нәтижелер спорт резервін және ұлттық құрама командаларына үміткерлерді қалыптастыру кезінде ескеріледі. Қазақстанда құрама сапына чемпионаттарда және халықаралық жарыстарда жоғары әрі тұрақты нәтиже көрсеткен спортшылар енгізілуі мүмкін.

Үздік спортшылар үшін келесі деңгей — халықаралық жарыстар: Азия чемпионаттары, әлем чемпионаттары және ұлттық құраманың жарыстар күнтізбесіне енген басқа да бәсекелер. Мысалы, 2026 жылы маунтинбайктен Азия чемпионатына Қазақстан құрамасы сапында сегіз спортшы қатысты, ал Жапонияда өткен Азия ойындарында ел намысын төрт маунтинбайкер қорғады. Сондықтан Қонаевтағы қазіргі чемпионат — медальдар үшін талас қана емес, сонымен қатар қазақстандық маунтинбайктің болашақ резерві қалыптасатын маңызды алаңдардың бірі», — деп атап өтті Маунтинбайк бойынша спорт резервін даярлау олимпиадалық даярлау орталығының аға жаттықтырушысы Тыныс Аханов.

Велоспорттың бұл экстремалды түрінде спортшы физикалық мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп қана қоймай, жарыс барысында жылдам шешім қабылдап, ойлы-қырлы жерлерде велосипедті жоғары шеберлікпен басқара білуі қажет.

«Бұл чемпионатты өткізу үшін Қонаев қаласы мен оның маңайының таңдалуы кездейсоқ емес. Мұнда жер бедерінің түрлі ерекшеліктерін үйлестіріп, спортшылардан тек жылдамдықты ғана емес, техникалық дайындықты да талап ететін күрделі трассалар әзірлеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар Қонаев маунтинбайктен ірі республикалық жарыстарды өткізу тәжірибесіне ие. Қазақстан чемпионаттары мұнда бірнеше жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл спортшылар үшін де, өңірде маунтинбайкты дамыту үшін де маңызды», — деді Андрей Кивилев атындағы мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің директоры Сергей Третьяков.

Жарыстың болашағынан үміт күттіретін қатысушылардың бірі — Алматы облысының өкілі Карина Китайгора. Оның спорттық жолы қарқынды дамып келеді. 13–14 жасында ол маунтинбайктен Қазақстан чемпионатының көпкүндік жарысындағы жалпы есепте жеңімпаз атанса, 2025 жылы 15–16 жастағы қыздар арасында жалпы есепте тағы да үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды. Оның басты артықшылықтарының бірі — күрделі трассаларда қарқынын сақтап, мәреге дейін табанды күресе білуі.

«Трасса күрделі — ұзаққа созылатын өрлер мен тік түсулер бар. Оның үстіне бүгін ауа райы да оңай болған жоқ, жел қатты соқты. Ең бастысы — берілмей, соңына дейін өзіңе сену. Мәре сызығын бірінші болып кескен сәтте барлық жаттығу мен еңбектің ақталғанын түсінесің», — деді Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат Карина Китайгора.

Көпкүндік жарыстың жеңімпаздары жеке және командалық есепте 9 қазанда анықталады.

Лилиана Штогрина.

Другие новости

8 медалей и исторические результаты: Алматинская область подвела итоги Азиады-2026

8 медалей и исторические результаты: Алматинская область подвела итоги Азиады-2026

На XX летних Азиатских играх в Айти–Нагое спортсме...

  05.10.2026   109
В Алматы встретили призеров Азиатских игр по дзюдо

В Алматы встретили призеров Азиатских игр по дзюдо

В Международном аэропорту Алматы торжественно встр...

  05.10.2026   136
Туризм саласынан Алматы облысының бюджетіне 4 млрд теңгеге жуық табыс түсті

Туризм саласынан Алматы облысының бюджетіне 4 млрд теңгеге жуық табыс түсті

Туризм саласы Алматы облысының бюджетіне қомақты к...

  05.10.2026   148
В бюджет Алматинской области от туризма поступило около 4 млрд тенге

В бюджет Алматинской области от туризма поступило около 4 млрд тенге

Туристическая отрасль приносит значительные доходы...

  05.10.2026   140
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.