️Мемлекет басшысы: «Ұлық мерекеміз – Республика күні баршаңызға құтты болсын!
Бұл – бүкіл халқымыз үшін мән-мағынасы ерекше және қастерлі мейрам! 25 қазанда ақжолтай құжат – Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды.
Дәл сол күні ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды. Көп ұзамай өз алдына дербес ел атандық. Тарихи әділдік орнап, қасиетті қазақ жеріне Тәуелсіздіктің алтын қазығы қағылды. Сондықтан бұл күнді Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған күн деп айтсақ, артық емес.
Биыл біз ұлттық мерекені ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында атап өтіп жатырмыз. Қазақстан осы мемлекет тарихының мерейлі межесіне қарқынды дамып келе жатқан, әлем қауымдастығының құрметіне ие болған ел ретінде жетіп отыр.
Халқымыз егемендік жылдарында көптеген белесті абыроймен еңсерді. Ұлттық болмысымыздың мызғымас нышандары – мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Көк Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреді.
Ұлттық қаржы жүйесі құрылды. Мемлекеттік шекарамыз шегенделді.
Қасиетті Сарыарқаның төрінде, бұрынғы ескі қаланың орнында бүкіл дүние жүзін таңғалдырған, әлем мойындаған жаңа елордамыз – Астананың іргесі қаланды.
Біз бірлігімізді бекемдеп, жер жүзіне бейбітшілік бесігі ретінде танылдық».







