«ҮШ ҰРПАҚ – ОРТАҚ МҰРАТ»: ІЛЕ АУДАНЫНДА ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ САЛТАНАТ ҚҰРДЫ
Іле ауданында Халықаралық қарттар күніне орай аға буын өкілдері мен жастардың басын қосқан «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» атты спорттық сайыс өтті. Байкент ауылдық округінде ұйымдастырылған жарыс «Әділет» партиясының республикалық фестивалі аясында өтіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Спорттық сайыста қариялар мен жастар асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ, бәйге, бес кеней, ақ отау және қаражорға сынды ұлттық ойындар бойынша өзара бақ сынады. Іс-шараға 50-ге жуық спортшы мен зейнеткер қатысып, өздерінің ептілігін, шапшаңдығын, күш-жігері мен зеректігін көрсетті.
Шараны «Әділет» партиясы Іле аудандық филиалы ұйымдастырды. Оған партияның аудандық саяси кеңесінің мүшелері Гүлжан Байкан мен Рауан Бұғыбаев, Байкент ауылының аналар мен ақсақалдар кеңесінің өкілдері және жастар қанатының белсенділері қатысты.
Іс-шара барысында сөз алған «Әділет» партиясы Іле аудандық филиалының саяси кеңес мүшесі Гүлжан Байкан аға буынның қоғамдағы орнына тоқталып, қариялардың өнегесі мен өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, мұндай кездесулер әр буынның бір-біріне жақындай түсуіне, жастардың үлкендерден тәлім алып, ұлттық салт-дәстүрлерді тереңірек тануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар аға буын өкілдерінің қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашып, олардың тәжірибесі мен еңбегіне деген құрметті арттырады.
«Қарияларымыз – халқымыздың асыл қазынасы, ал олардың өмірлік жолы мен өнегесі – жастар үшін үлкен мектеп. Осындай шаралар арқылы біз ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап қана қоймай, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін кейінгі ұрпақтың бойына сіңіреміз. “Үш ұрпақ – ортақ мұрат” фестивалінің басты мақсаты да – аға буын мен жастар арасындағы байланысты нығайтып, ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіру», – деді Гүлжан Байкан.
Жастардың да белсенді қатысуы фестивальдің маңызын арттыра түсті. Қатысушылар спорттық бәсекемен қатар өзара тәжірибе алмасып, еркін пікірлесіп, көтеріңкі көңіл күйде уақыт өткізді. Бұл басқосу әртүрлі буын өкілдерінің ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуіне мүмкіндік берді.
Жиында Рауан Бұғыбаев та аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегесінің кейінгі ұрпақ үшін маңызды құндылық екенін атап өтті. Оның сөзінше, қариялардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау және олардың тәжірибесін жастарға жеткізу – қоғам үшін маңызды міндет.
Жарыс қорытындысында әр спорт түрі бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, осындай спорттық және мәдени шаралардың тұрақты өткізілуі аға буынның белсенділігін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.
Айта кетейік, Іле ауданында зейнеткерлерге әлеуметтік, мәдени-демалыс, спорттық-сауықтыру, шығармашылық және зияткерлік бағыттар бойынша қызмет көрсететін төрт «Белсенді ұзақ өмір орталығы» жұмыс істейді. Орталықтарда түрлі үйірмелер, спорттық секциялар, мәдени-көпшілік іс-шаралар мен қоғамдық жобалар ұйымдастырылады. Олардың қызметін күн сайын орта есеппен 200-ге жуық зейнеткер пайдаланады.
Аталған орталықтар егде жастағы азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына, жаңа қызығушылықтарын дамытуына және өзара қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді.
«Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалі де осы игі бастамалардың жалғасы. Өйткені ұрпақтар сабақтастығы – қоғамның рухани тұтастығын сақтайтын маңызды құндылық. Үлкеннің өнегесі мен жастың жігері тоғысқан жерде ортақ мұрат қалыптасып, ұлттық дәстүрдің жалғасы табады.






