Среда, 06 Мая 2026

Алматы облысының оқушылары бір мезетте 360 мыңнан астам ағаш дәнегін екті

Алматы облысының оқушылары бір мезетте 360 мыңнан астам ағаш дәнегін екті

Бүгін Алматы облысында бір мезетте өңірдегі 439 мектепте 360 мыңнан астам оқушы «Болашақты бірге отырғызайық» акциясына қатысып, ағаш дәнегін екті. Шара «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында 2024 жылы бастау алған. Алғашқы жылы 340 мың, өткен жылы 350 мың тұқым себілген. Оның 60%-дан астамы өніп шығып, бүгін мектеп аулаларына отырғызылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Игі шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, Іле ауданындағы №24 лицей оқушыларымен бірге Шренк шыршасы, қайың, арша, жиде, туя (бозаша), қарағаш, Сиверс алмасының дәнектерін екті. Ал өңірдің өзге аудандарындағы оқушылар акцияға онлайн форматта қосылды. Сондай-ақ білім ордасының аумағына жеткіншектер өздері өсіріп, баптаған көшеттерін аймақ басшысымен бірге отырғызды. Марат Елеусізұлы бұл тек көгалдандыру жұмысы емес, жас ұрпақ бойына жанашырлық пен жауапкершілік сезімін дарытатын маңызды жоба екенін айтып, оқушыларға ізгі тілегін арнады.

«Бұл бастама Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасымен тығыз байланысты және өңірімізде жыл сайын дәстүрлі түрде жүзеге асып келеді. Ағаш дәнегін егу, көшетін отырғызу – қоршаған ортаға қамқорлықтың айқын үлгісі. Бұл жұмыстар еңбекқорлық пен ұқыптылыққа тәрбиелейді. Осындай игі істерге белсенді қатысып, үлгі көрсетіп жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да табиғатты аялау өмірлік дағдыларыңызға айналады деп сенемін», – деді аймақ басшысы.

Шара барысында оқушылар экологиялық бағыттағы ғылыми жобаларын таныстырды. Жас зерттеушілердің бірі күн батареясымен қуатталатын көлік жобасын көрсетті. Енді бірі қалдықты тыңайтқышқа айналдырудың тың әдісін зерттеуге кіріскен. Сонымен қатар су үнемдеу, экологиялық әрі қауіпсіз саябақтар мен бекеттер құру бойынша жұмыстарын таныстырған оқушылар да болды.

Осылайша, оқушылар бірнеше жыл бойы өздері өсірген көшеттерін мектеп айналасына отырғызып, білім ордасының көркін аша түсті. Сондай-ақ тың жобалары арқылы экологиялық мәселелерге бей-жай қарамайтынын көрсетті. Бұл – өңірдегі мектептер тек білім беріп қана қоймай, оқушылардың бойына экологиялық мәдениет ұғымын терең сіңіріп жатқанының көрінісі. Сондықтан «Болашақты бірге отырғызайық» акциясы алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын табады.

Другие новости

Алматы облысының оқушылары бір мезетте 360 мыңнан астам ағаш дәнегін екті

Алматы облысының оқушылары бір мезетте 360 мыңнан астам ағаш дәнегін екті

Бүгін Алматы облысында бір мезетте өңірдегі 439 ме...

  06.05.2026   80
Ученики Алматинской области одновременно высадили более 360 тысяч семян деревьев

Ученики Алматинской области одновременно высадили более 360 тысяч семян деревьев

Сегодня в Алматинской области свыше 360 тысяч учащ...

  06.05.2026   84
Зеленые оазисы

Зеленые оазисы

По инициативе Главы государства до 2027 года в Каз...

  04.05.2026   286
«Таза Қазақстан»: Алматы облысында 5100 түп ағаш көшеті отырғызылды

«Таза Қазақстан»: Алматы облысында 5100 түп ағаш көшеті отырғызылды

Бүгін Алматы облысының Кеген ауданында «Таза Қазақ...

  30.04.2026   297
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.