Коалиция мүшелері Орымбетов орта мектебі ұжымымен кездесті
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері Қаракемер елді мекеніндегі Орымбетов орта мектебі педагогикалық ұжымымен кездесіп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылады.
Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа редакцияда Президенттің бір реттік жеті жылдық мерзімге сайланатынын және қайта сайлану құқығына ие болмайтынын атап өтті. Сонымен қатар, өкілеттік кезеңінде оның саяси партия мүшесі бола алмайтыны, ал жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметтерді атқара алмауы биліктің шоғырлануына жол бермейтін құқықтық тосқауыл екені түсіндірілді.
«Жаңа Конституция жобасының басты мақсаты – билікті жеке тұлғаға бейімдеу емес, оны институционалдық тұрғыдан шектеу. Бір реттік жеті жылдық мерзім өзгертілмейтін қағида ретінде бекітіледі. Бұл – биліктің “нөлденуіне” емес, тұрақтылық пен әділеттілікке бағытталған нақты құқықтық шешім. Сонымен қатар, кадрлық шешімдерді Құрылтай келісімімен қабылдау тетігі енгізіліп отыр. Бұл – тепе-теңдік пен жауапкершілік моделінің негізі», – деді коалиция мүшесі Асыл Байтулақов.
Кездесу соңында ұжым өкілдері референдумның ел дамуы үшін тарихи маңызы бар екенін атап өтіп, алдағы саяси науқанда белсенділік танытатындарын жеткізді.





