Алматы облысында «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі өтті
Өңірде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың спортпен айналысуына және өз мүмкіндігін көрсетуіне бағытталған «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі өтті. Іс-шараға «Әділет» партиясының Алматы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты қолдау көрсетті.
Фестивальге облыстың әр ауданынан 60 бала қатысты. Оның 20-сы – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар. Қатысушылар бочча, жеңіл атлетика және «Көңілді старт» сайыстары бойынша бақ сынады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты – балаларды спорт арқылы жақындастыру, өзара қолдау мен тең мүмкіндіктер мәдениетін қалыптастыру, олардың белсенділігі мен өзіне деген сенімін арттыру.
«Бүгін облыстың әр ауданынан балалар жиналып, бірнеше спорт түрі бойынша бақ сынады. Мұндай фестивальдер спортқа қызығушылықты арттырып қана қоймай, балалардың бір-бірімен араласуына, командалық рух пен достықты нығайтуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – әр қатысушы жарыстан жақсы әсер мен жаңа тәжірибе алып қайтса дейміз», – деді «Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары Аслан Кубентаев.
Жарыс қорытындысында командалық есеп бойынша Іле ауданы бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Талғар ауданы иеленсе, Қарасай ауданы мен Қонаев қаласының командалары үшінші орыннан көрінді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ үздік нәтиже көрсеткен 20 қатысушы республикалық кезеңге жолдама алды.
Айта кетейік, ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен мүгедектігі бар азаматтарға тең мүмкіндік жасау – «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін!» сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі. Бағдарламада олардың білім алуына, еңбек етуіне, еркін жүріп-тұруына және қоғамдық өмірге толыққанды араласуына жағдай жасауға басымдық берілген.






