Тауар белгісін заңсыз пайдалану және құқықтарды қорғау
Тауар белгісін заңсыз пайдалану дегеніміз не?
Қазақстанда тауар белгісін заңсыз пайдалану деп басқа тұлғаның тіркелген атауын, логотипін, брендін немесе өзге де айрықша белгісін құқық иесінің келісімінсіз қолдануды айтады.
Құқық бұзушылықтың негізгі түрлері:
• бөтен брендті тауарларға орналастыру;
• қаптаманы немесе логотипті көшіру;
• контрафактілік өнімдерді сату;
• тұтынушыларды жаңылыстыру мақсатында ұқсас атауды тіркеу;
• бөтен тауар белгісін жарнамада, әлеуметтік желілерде немесе веб-сайттарда пайдалану.
Тауар белгісіне құқықтық қорғау мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана туындайды. Қазақстанда тауар белгілерін тіркеумен Qazpatent айналысады.
Қандай жауапкершілік көзделген?
Тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін келесі жауапкершілік түрлері қолданылуы мүмкін.
Азаматтық-құқықтық жауапкершілік
Құқық иесі:
• құқық бұзушылықты тоқтатуды;
• заңсыз пайдаланылған белгіні алып тастауды;
• келтірілген залалды өтеуді;
• контрафактілік өнімдерді жоюды талап ете алады.
Әкімшілік жауапкершілік
Құқық бұзушыға қатысты:
• айыппұл салу;
• заңсыз өнімдерді тәркілеу;
• тауарларды сатуға тыйым салу шаралары қолданылуы мүмкін.
Қылмыстық жауапкершілік
Егер құқық бұзушылық ірі көлемде залал келтірсе немесе бірнеше рет жасалса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін.
Егер сіздің тауар белгіңізді рұқсатсыз пайдаланса не істеу керек?
1. Тауар белгісіне құқықты растау
Сізде төмендегі құжаттардың бірі болуы тиіс:
• тауар белгісін тіркеу туралы куәлік;
• Қазақстан аумағында әрекет ететін халықаралық тіркеу.
2. Құқық бұзушылық дәлелдерін жинау
Келесі материалдарды сақтау ұсынылады:
• тауар мен қаптаманың фотосуреттері;
• сайттар мен жарнамалардың скриншоттары;
• маркетплейстердегі сілтемелер;
• түбіртектер мен өзге де құжаттар;
• құқық бұзушымен хат алмасу материалдары.
Интернеттегі құқық бұзушылықтар бойынша скриншоттарды нотариалды куәландыру тәжірибеде жиі қолданылады.
3. Құқық бұзушыға талап қою хатын жіберу
Талап хатта әдетте:
• тауар белгісін пайдалануды тоқтату;
• жарнаманы жою;
• контрафактілік өнімді айналымнан шығару;
• келтірілген шығынды өтеу талап етіледі.
Көп жағдайда дау сотқа жеткізілмей шешіледі.
4. Уәкілетті органдарға жүгіну
Қажет болған жағдайда өтінішті:
• әділет органдарына;
• сотқа;
• контрафактілік тауарларды әкелу жағдайында кеден органдарына беруге болады.
5. Сотқа талап арыз беру
Сот арқылы құқық иесі:
• брендті пайдалануға тыйым салуды;
• келтірілген залалды өндіріп алуды;
• контрафактілік өнімдерді жоюды;
• сот шешімін жариялауды талап ете алады.
Брендті алдын ала қалай қорғауға болады?
Тауар белгісіне қатысты тәуекелдерді азайту үшін:
• тауар белгісін ресми түрде тіркеңіз;
• интернеттегі брендтің қолданылуын бақылаңыз;
• мемлекеттік тізілімдер мен маркетплейстерді тұрақты тексеріп отырыңыз;
• тауар белгісін пайдалануды растайтын құжаттарды сақтаңыз.
Уақытылы тіркелген тауар белгісі бизнесті қорғаудың және нарықтағы беделді сақтаудың маңызды құралы болып табылады.
Алматы облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің бас маманы Асылбекова Талшын Болатбекқызы






