Бүгінгі Ұлттық құрылтай – ел өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі
Құрылтайда мемлекет дамуының алдағы бағыты, қоғамды толғандырған өзекті мәселелер ашық айтылды. Бұл – сөзден іске көшетін уақыт келгенін көрсетеді.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан кез келген өзгерістің басында жастар жүруі керек. Елдің бүгіні де, ертеңі де – жастардың қолында.
Құрылтайда қозғалған конституциялық өзгерістер мемлекеттің әділеттілікке, ашықтық пен теңдікке негізделген жаңа бағытын айқындады. Соңғы жылдары айтылып келе жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты осының айқын дәлелі. Бұл бағытта тек мемлекеттік органдар ғана емес, біз де қоғам ретінде белсенді атсалысып келеміз.
Ұлттық мұраны сақтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Соңғы уақытта орын алып жатқан вандализм әрекеттері – бұл бір нысанға емес, тұтас тарихымыз бен болмысымызға жасалған қиянат. Осыған байланысты «Вандализмге жол жоқ» акциясы Жастар Рухының негізгі жобаларының біріне айналып отыр.
Табиғи өзгерістер мен экологиялық жауапкершілік аясында «Таза Қазақстан» бастамасының маңызы ерекше. Бұл – тек сенбілік емес, сана тазалығы. Тазалық әр адамның ішкі мәдениетінен басталады. Биылдың өзінде Алматыдан Қызылордаға дейін Road-эстафета ұйымдастырылып, әр сенбі сайын тұрақты сенбіліктер өтті.
Заң мен тәртіпті сақтау – тұрақты қоғамның негізі. Заңды сыйлаған ел ғана дамиды. Бұл бағытта жастардың құқықтық сауатын арттыру – басты міндеттердің бірі.
Патриотизм – нақты іспен өлшенеді. Осы орайда «Менің елім – Менің туым» акциясы – елге, жерге, мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің айқын көрінісі. Туды қастерлеу – Тәуелсіздікті қастерлеу. Бұл бағытта Жастар Рухы екі рет жалпы облыстық деңгейде 100 - ге жуық Ту ілу шарасын ұйымдастырды.
Құрылтайда ел экономикасына қатысты нақты деректер де айтылды. Экономиканың өсімі, қаржылық тұрақтылықтың нығаюы, әлеуметтік көрсеткіштердің жақсаруы – жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижесі екенін көрсетеді.
Ұлттық құрылтайда көтерілген әрбір мәселе ел болашағына бағытталған. Бүгінде бұл тақырыптар қоғамда кеңінен талқыланып, нақты жұмыстар басталып кетті.
Елім дейтін ұрпақ барда – Қазақстанның болашағы нық!
Мұрат УВАЛИЕВ, Алматы облыстық мәслихат депутаты





